БИЫЛ 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

123
0

Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға берілетінін мәлім етті.

«Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі, — деді М.Әйтенов.

Сонымен бірге, қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Айта кету керек, Шымкент қаласында бүгінде 3 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Атап айтқанда, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Жауапты мердігер – «ШАХ құрылыс компаниясы» ЖШС. 1989 жылы салынған мектеп 33 жылда бірінші рет күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда терезе орнату 90, сылақ 60, жылу жүйелері 20, электр желілерін тарту жұмыстары 50 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарына 50 адам жұмылдырылған. Мердігер мекеме өкілдері құрылысты қыркүйек айына дейін аяқтауға уәде берді. Сонымен қатар, А.Навои атындағы № 11 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінде жалпы жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Жауапты мердігер «Авторемстрой ЛТД» ЖШС нысан құрылысын 20 тамызда аяқтауды жоспарлап отыр. Жалпы 2022 жылы 5 білім беру ұйымында (№11, №50, №107 мектеп, 1 балалалар үйі, 1 арнайы мектеп-интернат) күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. 4 мекеменің ЖСҚ-ы дайын. Одан бөлек, 20 мекемеге ЖСҚ дайындалуда.