ШЫМКЕНТТЕ 2 МЫҢНАН АСТАМ ЖОБАҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛГЕН

166
0

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау туралы да мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, қаладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген.

Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылды.

Сонымен бірге, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қолжеткізуі үшін«Shymkent–Atameken»микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн.теңгеге дейін 6 пайыздық несие беріледі. Жыл басынан бері 86 жоба қолдау тапқан.

«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілуде.

Үшінші мегаполистегі кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Мәселен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар.

Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында; ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында; ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса; ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.