БИЫЛ 1600-ДЕН АСТАМ ЖҰМЫССЫЗДЫ ОҚЫТУ ЖОСПАРЛАНУДА

128
0

Шымкентте жалпы кәсіптік оқытуларға жолдама шілде айының басынан бастап беріле бастайды. Бұл жөнінде Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен брифингте «Халықты жұмыспен қамту  орталығы» КММ-нің  директоры  Шағдат Әсетұлы тарқата айтып берді. Нақтырағы «Жалпы кәсіптік оқытуларға шілде айының басында жолдама беру бастау алды. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерінен шыға отырып 3 ай мерзімді құрап отыр» деді ол.

Жалпы 2022 жылы «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыз 1632 азаматты оқыту жоспарланған. Оның 832-сі – жастар. Сонымен қатар «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 760 азаматты оқыту жоспарланса, оның 220-сы жастар санатындағылар екендігін жеткізді. Өткен жылы Шымкент қаласы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2500 азамат жолданған. Оларды 25 білім беру мекемесі 31 мамандық бойынша оқытқан болатын. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласында 12 мамандық бойынша 795 адам, ауыл шаруашылығы саласында 3 мамандық бойынша 75 адам, өндіріс саласында 7 мамандық бойынша 1310 адам, құрылыс саласындағы 9 мамандық бойынша 320 адам арнайы білім алып, сертификатқа ие болған.

Бұдан бөлек, skills.enbek.kz онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасында 9 наурыздан бастап қолданыстағы функционалы оңтайландырылған және жаңа сервистер де іске қосылды. Қазақстандықтарға кәсіби өсу және дағдыларды арттыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін платформада курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы құрылды, оқыту процесін қадағалау және курс авторларымен жылдам өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі бар. Бұл сертификат enbek.kz электрондық еңбек биржасында тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Түйіндемені қарау кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көретін болады. Ағымдағы жылы жұмыс берушілердің сұратуына сәйкес, оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру бойынша 74 жұмыс берушіден 29 мамандық бойынша өтінім түсті. 2022 жылы оқуға жолданғандардың шәкіртақысы  20 948 теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, 6 126 теңгені құрайтын бірреттік материалдық көмек те қарастырылғанын айта кету керек.