ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСҚАН «АСАРЛАТУ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Асарлату» экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Бастаманың негізгі мақсаты – арық-атыздар мен суару каналдарын қоқыстан тазарту, су арналарының кедергісіз ағып өтуін қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, ұлттық құндылығымыз – асар дәстүрі арқылы халықты ортақ іске жұмылдырып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу, бірлік пен ынтымақты нығайту көзделді.
Тазалық жұмыстарына 50 283 адам қатысып, тазалық жұмыстарына 249 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 384,5 тонна қоқыс шығарылып, 448,9 гектар аумақ тазартылды. Сондай-ақ 215,7 шақырым арық тазаланып, 1 150 ағаш егілді және 6 206 ағаш әктелді.
Ауқымды шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын айқындады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған мұндай игі бастамалар тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.