ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА «АСАРЛАТУ» АКЦИЯСЫНА ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСЫП, АРЫҚ-АТЫЗДАР ТАЗАЛАНДЫ

Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында облыстық «Асарлату» акциясы өтті.
Игі шараның негізгі мақсаты – арық-атыздар мен суару каналдарын қоқыстан тазарту, су арналарының кедергісіз ағып өтуін қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, ұлттық құндылығымыз – асар дәстүрі арқылы елді ортақ іске жұмылдырып, бірлік пен ынтымақты нығайту көзделді.
Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты Қосағаш ауылында ұйымдастырылған ауқымды тазалық жұмыстарына 2000-нан астам адам мен 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Атап айтқанда, акцияға 120 ерікті, 930 тұрғын және 1050 мемлекеттік қызметші қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстары барысында 10 шақырым арық-атыз тазаланып, қосымша 3 шақырым арық қазылды. Сонымен қатар, 20 тонна қоқыс шығарылып, ауыл аумағын абаттандыру мақсатында 1000-ға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, 145 ағаштың діңі әктеліп, ауылдың көркін келтіру және жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстары жүргізілді.
«Асарлату» акциясы – тек тазалық шарасы ғана емес, сонымен бірге халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын, ауызбіршілік пен жанашырлықты дәріптейтін игі бастама.



