КЕЛЕЛІ ЖИЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАЙЫ АЙТЫЛДЫ

134
0

Шымкент қалалық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының кезекті кездесуі өтті. Жиынға үшінші мегаполистегі БАҚ өкілдері, жергілікті блогерлер, қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында қоғамдағы тұрақтылыққа,  ұлтаралық татулыққа қатысты өзекті ойлар ортаға тасталып, пікірлер айтылды. Осы тұста Ассамблеяның негізгі жұмысы мемлекет құрушы қазақ халқының құндылықтары аясында өзге ұлт өкілдерімен қоғамдық татулық және келісім негізін қалыптастыру екенін айта кету керек.

«Бұл орайда «Қазақтану» жобасының жұмысын жандандыру аса маңызды. Жобаны  республика бойынша жүзеге асыруды бұдан 5 жыл бұрын Наталья Сергеевна Романова ұсынған болатын. Жоба мақсаты мемлекет аумағындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ халқының дәстүр-салтын, мәдениетін насихаттау. Осымен үндес «Ұлт үні»  жобасы да кең көлемде қолдауға лайық. Ассамблеяның алдағы жұмысы сапалық тұрғыда жақсаруына айрықша көңіл бөлеміз. ҚХА дегенде тек қана ұлттық тағамдарды танытып, билерді көрсету деген стереотип қалыптасқаны жасырын емес.  Осы көзқарасты түбегейлі өзгертуге күш саламыз. Бұл мақсатта ассамблея өткізетін іс-шаралардың форматын өзгертуді,  жаңа тұлғалар мен тың ойларды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.  Әсіресе жастарды бұл шаруаға жұмылдыруға көп көңіл бөлу керек» деді Ассамблеяның жаңадан сайланған төрайымы.

Жиын барысында сөз алған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері игі бастамалар көтеріліп жатса, қолдауға дайын екендерін жеткізді. Nartv телеарнасының бас редакторы Ардақ Жақсылықова ҚХА тарапынан ұйымдастырылылатын шаралар тек есеп үшін емес, шын мәнінде көпке ой салатын, елдің ынтымағын нығайтып, бірлігін бекітетін шара болуы керегін баса айтты.