190 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЖОЛ ЖӨНДЕЛГЕН
Шымкент қаласында жолдардың сапасына айрықша назар аударылып келе жатыр. Соңғы уақытта үшінші мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі де артты. Осы тұста сандарды сөйдетер болсақ, 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Оның ішінде құрылыс және қайта құру жұмыстары 67,4 шақырым жолға жүргізіледі. Күрделі жөндеуден 19,3 шақырым жол, орташа жөндеуден 261,1 шақырым өтсе, 122,7 шақырым жолға жыл соңына дейін шағал тас төселеді. Бұл жөнінде қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов баяндады. І жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері. Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады. Қала әкімі жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Айта кету керек, Шымкентте көлік кептелісін азайту мақсатында бірнеше жолайрықтың салынатыны белгілі болған еді. Солардың бірі — Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық. Былтыр көше қиылысындағы ұзын-сонар кептелістің мәселесін шешу үшін техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған болатын. Қазіргі уақытта нысанда аяқжолдар салу жұмыстары, жер асты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Жолайрықты жыл соңына дейін пайдалануға бері жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы да жүріп жатыр. Нысан толығымен бітсе, аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталған құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінен бұрылып, Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді.