МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

144
0

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық Медиация кеңесінің отырысы өтті. Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Шымкент қаласының әкімі М.Айтенов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Э.Азимова, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА, республикалық медиация кеңесі мүшелері, Медиация орталықтарының басшылары, медиаторлар, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлау, этномедиация оқу орталығын ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов миллионды қаланың 30 пайызы этнос өкілдері екенін атап өтті.

— Қаламызда этнос өкілдері жинақы қоныстанған 23 тұрғын алапта орын алған кез келген оқиғаның этносаралық тұрғыда проблема тудыру ықтималдылығы жоғары. Сондықтан қоғам мүшелеріне құқықтық тәрбие мен заң талаптарын түсіндіру сынды жұмыстарды ширатуымыз керек. Осы бағытта биыл қалалық ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың құрамына енген медиаторлар тұрғын алаптарда өткен кездесулерге қатысып, жұртшылық арасында түсіндіру жүргізді. Медиацияны мемлекеттік қызметтер бағытында ілгерілету мақсатында 9 басқармамен өзара ықпалдастық туралы меморандум түзді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде биыл этнос өкілдері арасында орын алған оқиғалардың 11-і медиация көмегімен реттелді, -деді.

Мәжілісте сонымен қатар, ҚХА медиаторларының құқық қорғау қызметіне қатысу бағыттары, ұлтаралық жанжал жағдайлары кезіндегі медиация тәсілдері, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрмыстық негізде жасалған қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.