БАҒАҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

151
0

AMANAT партиясы қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ мүшелері базардағы бағаны бақылауға шықты. Бұл жолғы бақылау нысаны Айна базары мен Ж.Шаяхметов көшесінде орналасқан «Magnum» сауда орны болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын бағамдайтын топтың құрамына партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, атқарушы хатшының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, қалалық мәслихат депутаттары Байкен Әшірбаев пен Сұлтанғали Қуандық және БАҚ өкілдері кірді.

Бақылау барысында сатушылар тарапынан бірқатар мәселелер көтерілді. Олардың айтуынша, азық-түлік жеткізетін фирмалардың қоймасында тауар жоқ. «Мысалы, «Шедевр» өсімдік майын қазір дистрибюторлар бізге жеткізіп жатқан жоқ. Ал көпшілік тұтынушы сол майды сұрайды. Сондықтан майды басқа, үшінші жеткізушілерден болсын аламыз. Үстіне көп үстеме қоймаймыз» дейді сатушы Ұлбике Талтабаева. Сатушылар мониторингтік топ мүшелері сұраған тауардың ілеспе қағазын тауып бере алған жоқ. Сөздеріне сенсек, жеткізушілер ол құжатты ұсынбайды. Бұдан бөлек, базардағы әлеуметтік тауарлар сатылатын орындарда ешқандай жазу немесе белгі қойылмаған. Сәйкесінше, мониторингтік топ аталған мәселені базар әкімшілігінің назарға алуын ұсынды. Базардың басқарушы директоры Ғазиз Исаевтың айтуынша, әлеуметтік тауарларға қатысты барлық мәселеге «Шымкент» ӘКК жауапты, ал өздері тауар бағасының үстемесі 15 пайыздан аспауын қадағалап отырады.

Мониторингтік топ бұдан кейін «Magnum» сауда орталығына табан тіреді. Онда да азық-түлік бағаларын бақылады. Мұнда әлеуметтік тауарлар арнайы белгіленгенімен, кейбір өнімдер жоқ. «Базар мен сауда орталығындағы бағаларға мониторинг жасадық. Анық болғаны, сауда орталығындағы баға бекітілген деңгейде сақталған, ал базардағы баға сақталмаған. Дегенмен мұнда сүт, жұмыртқа, макарон өнімі мен І сұрыпты ұн жоқ. Әкімшілік ол тауарлар 1-2 күнде беріледі дейді. Бұл бойынша тиісті басқармалардың есептерін тыңдап, ескертпелер береміз. Сақталмаған жағдайда тиісті шаралар қолдану бойынша жұмыс істейміз» дейді Жанар Бектаева.

Шара қорытындысына сәйкес, жауапты басқармалар мен базар, сауда әкімшілігіне ескертулер беріледі. Алдағы уақытта анықталған кемшіліктерді жою бойынша да жұмыстар жүргізілмек.