ДОСТЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

161
0

Шымкент қаласына қарасты елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесі түпкілікті шешілген жоқ. Көптің көкейін тескен мәселелер әлі де баршылық. Дегенмен жұмыстар атқарылып жатқан жоқ дегеннен аулақпыз. Кезең-кезеңімен жұрттың түйткілді түйініне айналған мәселелер шешіліп келе жатыр. Мәселен, бұдан былай Қаратау ауданына қарасты Достық шағынауданының тұрғындары газ тапшылығын көрмейді.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды тексерді. Бұл кездесуге қоғам белсенділері, ауыл билері мен Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов те қатысты. «2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Енді міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер» деді шаһар басшысы. Жалпы Достықта 2600-ден аса үй бар. Тұрғын саны 16 мыңға таяп қалды. Абонемент саны – 2625. Мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС жобаны 957,838 млн теңгеге атқарып, жұмысты өз мерзімінде аяқтады.

Жалпы шағынауданда біор мектеп, үш балабақша, медицина және учаскелік полиция бекеті жергілікті халық игілігіне қызмет етіп жатыр. Қазіргі уақытта шағынауданда кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым жүйесі жобасына енбеген 425 абонентті де қазір ауыз су, сапалы электр жүйесі, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар мұндағы 52 көшенің – 22-сі асфальт жол, 26-сы – тас жол, 4-уі – топырақ жол. 2023 жылы 14 көшеге, 2024 жылы 8 көшеге, 2025 жылы 13 көшеге асфальт төселеді. Биыл Ақбосаға және атауы жоқ көшелер жарықтандырылады.  2023 жылы – Алғыс және мектеп көшелері, 2024 жылы – Айтұмар, Айдарлы, 2025 жылы – Мамыражай және Жайсаң көшелеріне жарықшамдар орнатылмақ. Өткен жылы 2 ашық спорт алаңшасының пайдалануға берілгенін айта кету керек. Биыл спорт нысандарының қатары тағы бір спорт алаңшасымен толығады.