57 ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛҒАН
Шымкент қаласының әкімі біраз уақыттан бері қалаға қарасты аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдап келе жатыр. Міне, сондай кездесулер барысында шаһар басшысы Абай ауданы тұрғындары тарапынан түскен ұсыныс пен пікірлер негізінде 110 хаттамалық тапсырма берген еді.
Бүгінде аталған тапсырмалардың 57-і орындалған. Қалғаны бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Оның ішінде Ынтымақ ауданына қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Қала басшысы Мұрат Әйтенов жуырда аталған ауданның тұрғындарымен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелерімен бірге талқылады. Шешімін тапқан мәселелерге келсек, Ынтымақ-2 шағын ауданын сапалы табиғи газбен қамту мақсатында ЖСҚ әзірленуде. Құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланған. Есенов көшесінің жарықтандырылмаған 1,2 км бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде, қыркүйек айында аяқталады. Дәл сол көшедегі тозығы жеткен 300 метр аяқ жол салуға қаржы қаралды. Бүгінде мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде, бұл жұмыс та қыркүйек айында аяқталады. Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 5 топырақ жолға шағал тас төселеді. Мердігер мекеме тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар Темірлан тас жолынан кіретін Ирисмат ата көшесі №55 қоғамдық көліктің бағытын кеңейту жұмыстары тамыз айының соңына дейін атқарылатын болады. Ал аяқжол салу жұмыстары жолды кеңейту жұмыстары атқарылған соң жүргізіледі. «Жаңаталап» тұрғын алабындағы Айбар көшесінің жалғасы ағымдағы жөндеу жұмыстары есебінен асфальтталады. Жұмыстар 2022 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланған. Ал «Самал-3» шағынауданындағы кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары 75 пайызға аяқталды. Жыл соңында 4300-ге жуық үйге кәріз қосылады. Шаһар басшысы Абай ауданы белсенді тұрғындарымен кездесуде қала аумағына енген елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайы күн тәртібінен түспейтінін, мәселенің орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Жалпы мұндай жиындар жемісті нәтижесін беріп келе жатыр. Өңір-өңірде ауқымды мәселелер шешіліп, тұрғындарды мазалаған мәселелер бойынша жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.