ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ БАСТЫ НАЗАРДА

134
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тамыз айындағы азаматтарды бірыңғай қабылдауы кезінде Самал-2 шағынауданы Малқаров көшесінің тұрғыны аумақтың жол, қауіпсіздік, жарықтандыру мәселелерін көтерген болатын. Осы орайда, мәселені бақылау мақсатында шаһар басшысы аталған шағынауданға барып, тұрғындармен кездесу өткізді.

Самал-2 шағынауданындағы Малқаров көшесінің жалпы ұзындығы 1,1 шақырымды құрайды. Көшеге 2019 жылы асфальтбетон қабаты төселген. Қоғамдық көлікке қатысты, ауданда 9 бағытта жолаушылар тасымалдануда. Атап айтқанда, Арғынбеков көшесі бойымен №37, №133, №146, №149 бағыттағы қоғамдық көліктер жүрсе, Өтегенов көшесімен №37, №51, №103, №126, №133, №146, №149 бағыттағы автобустар, ал Қазиев көшесімен №37, №92, №133, №141, №149 бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды.

Жарықтандыру жұмыстарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алдымен мектеп, аурухана секілді әлеуметтік мекемелер орналасқан орталық көшелер жарықтандырылатыны айтылды. Жол қауіпсіздігіне қатысты шағымдарға байланысты бейнебақылау камерасын қою мүмкіндігі айтылып, көше тазалығы мәселесі талқыланды, тапсырмалар берілді. Жалпы Самал-2 шағын ауданы 100 пайыз ауыз су, көгілдір отын, электр жүйесімен қамтылған. Сапалы интернет желісімен қамту келер жылы аяқталады. Биыл Ризалық, келер жылы Тынышбай ата көшесі жарықтандырылмақ.

Жалпы биыл қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің инфрақұрылымына айрықша назар аударылып жатыр. Оның ішінде, ішкі орамдық көшелерді жөндеу бойынша ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Мұның өзі үшінші мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық көшелердің үлесінің артуына сеп болмақ. Қаладағы сапалы электр жарығы, көгілдір отын, ауыз мәселелері де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Кәріз жүйесін жүргізу бойынша да жемісті жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде қаладағы инфрақұрылым саласындағы түйткілді түйіндер шешімін тауып келеді.