ТЕКЕСУДЕ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАППАҚ

123
0

Шымкент қаласында тағы бір өңір ауыз сумен қамтылады. Нақтырағы, Еңбекші ауданына қарасты Текесу елдімекенін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінде ұзындығы 13,8 шақырымдық су құбырының бүгінде 12 шақырымы орнатылып қойды. Жалпы құрылыс жұмыстары биыл ғана басталған болатын.

Қазір құрылыс жұмыстарының 80 пайызы  аяқталды. Белгіленген жоспар бойынша  жұмыс жыл соңына дейін толығымен  аяқталып, нәтижесінде 200 тұрғын үй сапалы ауыз суды пайдаланады. Сондай-ақ жыл  соңына дейін  Құрсай, Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш ғимаратының құрылысы да  аяқталмақ.  Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді.

Жалпы Еңбекші ауданында 35 елдімекен бар. Тұрғындардың 94,4 пайызы ауыз сумен қамтылған. 2022-2023 жылдары қамту көрсеткішін 98 пайызға жеткізу мақсатында биыл 6 елдімекенде (Қарабастау, Қаратөбе, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас, Тоғыс) құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 59 пайызға жеткізу үшін Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік Шығыс шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін аяқталады. Ал Жұлдыз тұрғын алабында құрылыс биыл басталып, келер жылы қолданысқа беріледі.

Ауданды электр желісімен қамту келер жылы толығымен жүзеге асады. Осы мақсатта Абдулабад, Тоғыс, Тұрдыабад, Маятас, Оңтүстік, Айнатас елдімекендерінің жаңа құрылыс аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газбен қамту көрсеткішін бұл жылы 90,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Тоғыс, Елтай, Оңтүстік, Жыланбұзған, Қарабастау елдімекендеріне газ жүйесін тарту үшін ЖСҚ әзірленуде. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталмақ. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 18 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 34 көше жоспарда тұр.