«ҚАМҚОРЛЫҚ» ЖОБАСЫ ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ 20 ОТБАСЫНЫ ҮЙЛІ ЕТЕДІ

Аймақтық «Қамқорлық» жобасы аясында  Қазығұрт ауданында анықталған баспанасыз 20 отбасының барлығы үйлі болады. Бұл мақсатта жергілікті билік демеушілермен кесіссөздер жүргізуде, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жағынан барынша қолдау көрсету. Осы тапсырма аясында Түркістанда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен «Қамқорлық» жобасы қолға алынған. 

Қазіргі  таңда Түркістан облысында 700-ден астам отбасы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы бойынша жан-жақты көмек алды. Жоқшылық тауқыметін тартқан жандарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетуді көздеген  жаңа жоба аясында 1534 отбасына, яғни, 6643 адамға көмек көрсетілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу көзделген. 

Қайырымды іске жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы бастаған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және жеке кәсіпкерлер қатысуда. Соның негізінде  аудан, елді-мекен тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамту, керек болған жағдайда медициналық жәрдем беру, тұрақты жұмысқа орналастыру, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқу курстарына жіберу жолға қойылмақ. Кей отбасыларға демеушілерді тарта отырып үй салынады. Жаңа жоба аудан-қалалардағы көмекке зәру, кедейлік шегіндегі отбасыларды анықтап, аяғынан тұрғызуды көздейді. Бүгінде аймақтық «Қамқорлық» бағдарламасы облыстағы Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында да қарқынды жүзеге асуда.

uakit.kz