ЖОЛДАУ: ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында көптің көкейіндегі өзекті мәселелер жайы сөз болды. Тың бастамалар көтерілді. Халықтың ойында жүрген мәселелерге қатысты айқын да ашық ұсыныстар айтылды. Тарқатар болсақ…
Бұған дейін халық арасында ұлттық табыстан түсетін пайдаға баршаның бірдей қолы жетуі керек деген сипаттағы пікірлер көбейген болатын. Бұдан бөлек, ен байлықтың санаулы ғана адамның уысында екені де көпшіліктің ашуын тудырған еді. Енді аталған мәселені шешудің тиімді тәсілін мемлекет басшысы Жолдауда ұсынып отыр. «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» қағидатты түрде жаңа бағдарламасын бастау өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынамын.
Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге Нағыз жолдама береді. Қор шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болады және халықтың мүдделеріне қызмет ететін болады. Осы ауқымды бастаманы тыңғылықты пысықтау қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын» деді президент. Сөз жоқ, тың бастама қалың оқырманның ойын дөп басып отыр.
Тағы бір толғақты мәселе – жемқорлардың жемсауына кететін қаржы. Енді елімізде жемқорлардан тәркіленетін ақша мектеп салуға жұмсалмақ. Бұл туралы мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деп атап өтті. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта апатты мектептердің саны ондап саналады. Сондықтан жемқорлардан тәркіленген ақша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенше, жарқын болашаққа инвестиция ретінде салынуы тиіс. Бастаманы бұқара қолдайды деген ойдамыз.
Жолдауда жастар жайы да сөз болды. Нақтырағы, келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс тауып беру тапсырмасы жүктелді. Бұдан бөлек, кәсіппен айналысқысы келетін жастарға 2,5 пайызбен несие де берілмек. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға айрықша қолдау болмақ.
Қорыта келгенде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамның барлық саласы қатар қамтылып, елдің көшін өрге сүйрейтін бастамалар көтерілді. Ендігі міндет – еңбекқорлықпен елдің көшін көрікті етуге талпыну!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ