Экономикалық прагматизмге негізделген даму

Қайрат БАЛАБИЕВ,   заң ғылымдарының докторы.

Қайрат БАЛАБИЕВ, заң ғылымдарының докторы.

Мемлекет пен қоғамның дамуындағы аса маңызды мәселелерге ел азаматтарының көзқарасы біркелкі болуы мүмкін емес. Біреу мәселенің маңызын мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдаса, екінші біреу оған өз отбасының әлеуеті тұрғысынан, үшіншісі оппозициялық ұстанымдағы адамдардың жазып, айтып жүргендеріне қарай баға береді.
Кешегі кеңестік кезеңде қоғамдық пікір біртекті секілді көрінетін. «Секілді» деуіміздің де себебі бар, әрине. Шынайы көзқарас, шырылдаған шындық тек өзара сеніскен серіктердің ортасында, ас үйлерде, оңаша ғана айтылатын немесе қайсыбір аңыздағыдай, көргенің мен білгеніңді ішіңе сыйғыза алмасаң, құдыққа басыңды тығып айқайлауға, сөйтіп іштегі шеріңді тарқатуға мәжбүр болатынсың. Бүгінде олай емес. Зайырлы қоғамда, демократиялық даму үрдістеріне ден қойған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.


Елбасымыз «Қазақстан-2030» стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты дәуірлік мәні бар жолдауында: «Біз демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты құрылды. Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі күллі саяси спектрді көрсететін партиялар жұмыс істейді. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар. Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істейді. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90 пайызы жеке иелікте» деді. БАҚ өнімдерінің 90 пайызы тәуелсіз болған елде сөз еркіндігі жоқ деп ешкім айта алмайды. Биліктің аузынан шыққан әр сөзден астар іздеп, «отырса-опақ, тұрса-сопақ» деп жүрген оппозициялық басылымдарға да ешкім «тәк» демейді. Ойына келгенін айтады, жазғысы келгенін жазады. Бәрі де халықтың мұңын мұңдап, мемлекеттің мүддесін күйттегенсиді. Бірақ халықты алдау мүмкін емес. Көзге ұрып тұрған ақиқатты аңғармау, өмір шындығын сезінбеу, баянды тірліктерді байқамау және соған қалың елді сендіруге тырысу- енді мұны қазақтың қандай сөзімен бағалау керек екендігін де білмей дал боласың кейде.
Мұны айтып отырғанымыздың себебі «Елбасы Жолдауын елге насихаттаудың қажеті бар ма, әлде жоқпа? » деген сұрақтан туындап отыр ғой. Қайсыбір жылы бір оппозициялық басылымнан: «Президент жолдауы жарияланған күннен бастап оны халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонда Жолдаудың соншалықты түсініксіз болғаны ма?» дегенді оқыдым. Бұл -мемлекет дамуының стратегиясы мен тактикасын айқындайтын аса маңызды құжаттың құндылығына күмән келтіріп, мәнділігін мойындауға мойны жар бермегендердің аузынан шығатын сөз. Кейбір телеарналар 17 миллион халқы бар мемлекет түгілі, 7 мың тұрғыны бар елдімекен өмірінде күнделікті болып жататын оқыс оқиғалар, тұрмыстық жанжалдардың шеңберінен шыға алмай жатады. Қалған уақытын өзге елдің «сәнді өмірі» мен «мәнді мерекелерін» насихаттауға арнайды, немесе атыс-шабыс, адам өлтіру мен анайылыққа толы картиналарын көрсету, жастарымыздың рухани тамырларына балта шауып, өзі отырған бұтақты кесуден әрі аса алмайды.Ойлап қараңызшы,екі маскүнемнің бірін-бірі пышақтап өлтіргені туралы айту маңызды ма, әлде денсаулық сақтау саласындағы ел құлағын елең еткізер жағымды жаңалықты, немесе «әттеген-ай» дегізер әнтек іс-әрекеттерді жеткізу маңызды ма? Екі автокөліктің соқтығысқаны, соның салдарынан қанша адам опат болғаны жөніндегі хабар маңызды ма, әлде жаңадан қанша автокөлік шығарылып жатқаны жайлы айту маңызды ма? Кімге нені айтып, нені көрсетуді үйреткеніміз емес, елдің ертеңге деген сенімін арттырып, арман-үміттеріне қанат бітірер, санасына сәуле түсірер, жүрегіне мейрім шуағын, шапағат нұрын ұялатар дүниелерге аудартқан дұрыс-ау, тегінде.
Ал, Жолдау дегеніміз –ертенгі өміріміздің елесі емес кемел кескіні, балаларымыздың болашағы, алдағы өмірдің нақты жоспары ғой. Ондағы әр сөз, әр тұжырым көңіліңді көншітіп, жаныңа жұбаныш, арманыңа арай сыйлап , үмітіңді үкілейді. Осы игілікті қалың бұқараға жеткізу, жастардың санасына сіңдіру елді ортақ мақсат төңірегінде біріктіреді .
Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының 90 пайызы тәуелсіз болғаны елдің 90 пайызы сол басылымдарды оқып, арналарды тамашалайды, айтқандарына имандай сенеді деген сөз емес. Кім не десе соның жетегінде кете беретіндей жағдайдан кеттік. Жұрт жетілді, ел есейді. Сөз түзелсе, тыңдаушы да түзелер. Жұртшылық күнкөріс қамынан арылып, ішкі адами келісім жайын, ертеңгі өрісін ойлауға бейімделді.
«Күнкөріс» демекші, осы орайда Жолдауда Елбасы айтқан мына сөзге құлақ түрейікші: «Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр. Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз-егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырға орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз- 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады».
Мен Жолдауды Елбасының өз аузынан алғаш тыңдаған кезде-ақ «сенім», «міндет», «мақсат», «күнкөріс» деген сөздер шегеленіп қалды. «Күнкөрістің» мәні жайлы әңгіме басқа, ал Жолдау мәтінін бірнеше рет қайталап оқығанда жоғарыдағы үш сөз- құжаттағы негізгі мазмұнның үш тұғырындай, әңгіме баянының алтын арқауындай екенін сезінген үстіне сезіне, ұғынған сайын одан да терең ұғына түстім.
Қайталаған артықтық етпес. Қазақтың қай ұрпағы да өзінен кейінгіге Қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деген сөздерін мәңгі өшпес өсиет, ұмтылмас ұлағат ретінде қалдырып отырса, тіпті бабаларымыз Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштері секілді алып тасқа қашап жазып, Ақорданың алдына орнатса, қазақ еліне мәңгілік ел болудан басқа амал қалмайды. Ол ел ешқашан ешкімнен кем болмайды. Жер бетіндегі адамзат өмірінің, өркениеттің соңғы сәтіне дейін шаңырағы асқақтап, көк жалауы желбіреп, еңсесі көк тіреп тұрады.
Ұлт Көшбасшысы : «Біз өзіндік жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол «Қазақстан -2030» стратегиясында белгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған, көзқарасымыздағы маңызды серпіліс болды. Бүгін дұрыс таңдау жасағанымызды айту мен үшін үлкен абырой. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуметін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды «ЭКСПО- 2017» халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді»- десе, имандай сенесіз. Шындықтың сондай құдіреті болады.
Халықаралық қауымдастық Елбасымызды құрметтейді, сол арқылы Қазақстанды мойындайды. Ал, елдің беделі- ердің беделі. В. В. Маяковскийдің: «Көріңдер, қызығыңдар. Қызғаныңдар, мен Совет Одағының азаматы» дейтініндей, Бізде Қазақстан азаматының төлқұжатын қай елде болсын мақтанышпен көрсетеміз, еңсені тік ұстап, көкіректі кере нық қадам басамыз.
Елбасымыздың «Қазақстан — 2050 »стратегиясын жариялауы ел көкейіндегі сол ойды дәл басқандай болды. Орыстың белгілі саясаткерлерінің бірі бұл қадамды «барыстың серпінді секірісіне» («Уверенный прыжок барса») балап Призидент Назарбаевтің елдің даму планкасын жыл сайын биіктететін отыратынына тәнті екенін, ал мына Жолдау оның нағыз прагматик Көшбасшы екенін дәлелдейтінін айтты.
Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл кезекті қадамды мынадай тұжырымдармен түсіндірді: «Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулер енгізетінін нақты түсінуіміз керек. 2050 жыл жай бейнелі дата емес. Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған мерзім. БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қазір елдердің гені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды. Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде».
«Күнкөріс қамымен» ғана күн кешіп жатқан мемлекет басшысының әлемдік экономикалық даму үдерісіне кірігу, тарих үшін қас қағымдай мерзім ішінде әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат ететіні жайлы мәлімдеуі тіпті күлкілі көрінер еді. Ғаламдық ақпараттар ағынынан да, интернет желілерінен де біз бұл ниетке қиыс қарап, кекесін танытқан ешкімді байқамадық.
Әрине, мұның бәрі өзі қалыптастырған жас тәуелсіз мемлекеттің алғаш тұсауы кесілгендегі тәй-тәй басқан сенімсіздеу сәби қауымынан бастап, бақуатты барысқа айналған кезеңіне дейін ойықты басқызбай, орға құлатпай, бағытынан айнытпай, сын- қатерлердің салдарына ұрындырмай алып шыққан Елбасының ерлігімен көрегендік қасиетімен байланысты.
Сын-қатер демекші, соңғы жолдауында мемлекет басшысы болжамды мерзімдегі жаһандық даму үдеріне елеулі әсер ететін он сын-қатердің атын атап, түсін түстеп берді. «Жақсылығын айт та, жамандығын таяп қой » — дейді атам қазақ. Дамудың жолы әрқашанда даңғыл емес. Кедір-бұдыры, ой-шұқыры, бұрылыс- бұралаңы, көктайғағы мен кешуі де аз болмайды. Соның бәрін- алдын ала болжай, сақтана білмесең, айналып өте алмасаң, межелі жеріңе, көздеген мақсатыңа жетуің екі талай.
«Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын- қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әр қайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз» дей келе ол әрбір сын-қатерге жеке сипаттама берді және оларға ұрынбаудың алдын алу жолдарын саралады. Сын-қатердің бәрін тізбелеп отырмай-ақ, тек табиғи ресурстардың сарқылу жағдайына тоқтайық. «Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді» үйренумен бірге, табиғи ресурстарымыз сарқылар кезеңге дейін шикізатқа тәуелділіктен толық арылып, бүгінгі үдемелі индустриялық- инновациялық бағдарламаларды толық жүзеге асырған, «ЭКСПО- 2017 » көрмесін өткізу мүмкіндігін жеңіп алуымызға оң әсер еткен баламалы энергия көздерін табу және игеру туралы бастамамыз өмір шындығына айналған күйде жетуіміз керек. Елбасымыз айтқандай, «Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр.» Бұл мақсатқа қол жеткізу дегеніміз- өркениеттің жан баспаған жаңа баспалдағына көтерілу және сол ғаламаттың жалаугері Қазақстан болады деген сөз. Бұл дамыған отыз елдің қатарына қосылу емей немене? Экономикалық прагматизмнің жарқын үлгісі дегеніңіз осы.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
заң ғылымдарының докторы.