«БОЗАРЫҚ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

122
0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ.

Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Қала әкімі аталмыш аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстарының 12 шақырымында аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған.19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.

Жалпы үшінші мегаполисте кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Мәселен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар. Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында, ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында, ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса, ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.

Бұған дейін, Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейтінін жазған болатынбыз. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Оның бірі – жоғарыда сөз болған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы болса, екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені. Бұл – 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады.