ПОЛИЦЕЙЛЕРМЕН «СОҒЫСҚАН» КIМДЕР?

374
0

Алматыда полиция патрулiне шабуыл жасағандарды құрықтау шарасы қарулы қақтығысқа ұласты. «Ақкент» ықшамауданындағы үйлердiң бiрiне жасырынған қаскөйлер тәртiп сақшыларына оқ жаудырған. Атыс кезiнде 6 адамның көзi жойылды. Барлығының сенбi күнi полиция патрулiне жасалған шабуылға қатысы бар. Сол жолғы қастандықта екi полицей оққа ұшқан болатын. Бiреуi басынан тиген оқтан оқиға орнында тiл тартпай кетсе, екiншiсi ауыр жарақатпен ауруханада жатыр. Тәртiп сақшылары Бекмаханов көшесiндегi күдiк тудырған көлiктi тексеру үшiн тоқтаған екен.

Сол сәтте жеңiл машина iшiнде отырғандар бiрнеше рет     оқ атыпты.

Сенбi күнi тәртiп сақшыларына жасалған қарулы шабуылдан соң араға екi күн салып қаскөйлер «Ақкент» ықшамауданында табылды. Бiр бөлмелi пәтерде бекiнгендер берiлмей, полицейлерге қарсы оқ жаудырған. Оларды құрықтау үшiн арнайы жасақ жұмылдырылып, куәгерлердiң сөзiне қарағанда, 4-қабаттағы пәтерге гранататқыштан 22 мәрте оқ атылыпты. Нәтижесiнде қылмыскерлердiң алтауы оқиға орнында мерт болды. Күдiктiлер жасырынған жерге бiрден арнайы жасақ тартылып, тұрғын үйден 132 адам қауiпсiз жерге шығарылған. Осыған қарағанда, бақайшағына дейiн қаруланған топты полицейлер тiрiдей алуға ниеттенбеген де сыңайлы.

Бұл топтың дайындығы күштi екенiн көршiлерi де байқапты. Күн сайын кешкiлiк барлығы спортпен шұғылданатын дейдi.

Ал қаскөйлер бекiнген пәтер iшiнен автомат пен тапаншалар, сонымен қатар үлкен көлемде оқ-дәрi табылған. IIД-нiң ақпаратына қарағанда қаскөйлер Бекмаханов көшесiндегi қойманы тонамақ болған екен. Барлығы бұрын iстi болыпты. Жазасын Шығыс Қазақстан облысындағы түрмелердiң бiрiнде өтептi. Ал «Ақкенттегi» пәтердi жалдап тұрған.

Бүгiнде көзi жойылған 6 қаскөйдiң сыбайластары iздестiрiлiп жатыр.