«БIЗ ЖАҒЫМПАЗДАР ЕЛIНЕ АЙНАЛЫП БАРАМЫЗ»
– Қазақ ұлты бүгiн аса қауiптi де қатерлi кезеңде тұр. Саясаткерлердi былай қойғанда, кез келген көзi қарақты қазақ азаматы соңғы жылдары ұлттық мәселеде, құндылықтарымызды жаңғырту бағытындағы жұмыстарда алға басудан гөрi керi кетушiлiктiң басым болғанын анық аңғарып отыр. Мемлекеттiк деңгейдегi қазақ тiлiнiң жағдайы мүлде сын көтермейдi. Оны мойындап, 20 жылдың iшiнде мемлекеттiк тiлдiң қоғамның барлық саласында жұмыс iстеуiн қамтамасыз ете алмаған қазiргi қолданыстағы «Тiл туралы» Заңды тоқтатып, жаңа, «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң қабылдау қажет. Ал бұл дегенiмiз – орыс тiлiнсiз таң атып, тауығы шақырмайтын бүгiнгi билiктiң мүддесiнен алшақ жатыр. Жаңаөзендегi қанды оқиғадан кейiн ресми қызметтегi кей адамдардың оралмандар туралы айтқан пiкiрлерi анау… Қазақ елiнiң ақпараттық кеңiстiгi Ресейдiң уысынан шығар тосқауыл болмай тұр емес. Ол жақтан ағылған бұқаралық ақпарат құралдары мен кiтап өнiмдерi арқылы да «Еуразиялық интеграция» деген жалған ұранмен бұрынғы Кеңес Одағын қайта жаңғырту саясаты үлкен қарқынмен жүргiзiлiп жатыр. Кедендiк Одақ та, жалпы экономикалық кеңiстiк саяси бағытты экономикалық қажеттiлiкпен бүркемелеу екенi де даусыз мәселе. Алайда қазақ ұлты үшiн басты қауiп басқада сияқты. Бiз ұлттық рухымыздан, имандылығымыз бен намысшылдығымыздан айрылып бара жатырмыз. Жоғарыдағы iс-әрекеттер ұлтсыздық бағыттағы мүдделi топтың арманы, ол – бүкпесiз шындық! Егер халықтың, ұлттың тарапынан қарсылық болмаса, олар сол мақсаттарына жетедi. Рухынан айрылған елдi кiм көрiнген өзiнiң алдауына да, айдауына да көндiредi. Жақында Жарғысын заңдастыруға берген бiр қоғамдық ұйымның басшысынан оларды есепке алатын заң орындары «рух» деген сөздi алып тастамасаңдар, тiркемеймiз» деген талап қойды дегендi естiп, жағамды ұстадым. Екiншi қауiп – бiздiң жағымпаздар елiне айналып бара жатқандығымыз.
«Намыс.kz» порталы.