МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА ІРІ ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

105
0

Жуырда Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтті. Жиынға Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов төрағалық етті. Сессияда Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары күн тәртібіндегі 22 мәселені қарап, тиісті шешімдерді қабылдады.

Жиын барысында «2022-2024 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұдан бөлек, қалаға қарасты Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков саланы дамыту бойынша жұмыстардың жоспарымен танысты. «Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетсе, 31 жекеменшік емханада 507 мың тіркелген. Алайда, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана керек деп қарастырылып отыр. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салу мәселесі де қаралып жатыр» деп атап өтті қаланың бас дәрігері.

Бұдан бөлек, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов «Абай ауданына қарасты 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Ал, электр жарығы 31 елді мекенде толық жүргізілген. Жыл соңына дейін Абай ауданына қарасты елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен және электр жарығымен қамту көзделіп отыр» деп атап өтті. Сондай-ақ сессияда «Шымкент қаласы бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы», «Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту туралы», «Шымкент қаласының аумағында жануарларды асырау қағидасын бекіту туралы» шешімдерге өзгерістер енгізілді. Бұл жолы отырысқа қатысқан 29 депутаттың үшеуі онлайн қатысты. Алдағы сессияға 5 халық қалаулысына қашықтан қатысуға мүмкіндік берілмек.