МҰҒАЛІМДЕР ЖАСЫЛ АЛАҢДА ЖОЛЫҚТЫ

Шымкент қаласының Қаратау ауданында мектеп мұғалімдері арасында футболдан сайыс басталды. Аталған бәсеке ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында, мектеп мұғалімдері арасында достықты дәріптеу, бұқаралық спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылды.

Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов сайыстың ашылу рәсімінде командаларға сәттілік тілеп, іс-шараның маңызына тоқталды. Жеңімпаз командалар, ойыншылар арнайы жүлделермен марапатталады. Жалпы сайысқа Қаратау ауданында 14 мектептің командасы бақ сынайды. А.Пармановтың айтуынша, келесі апта бұдан басқа мектептер арасында да турнир өткізіліп, ауданның үздіктері анықталмақ. Мұғалімдер арасындағы алғашқы турнирдің жеңімпаздар мен жүлдегерлері бүгін анықталады.

Айта кету керек, жуырда Шымкенттегі №41 мектеп-лицейінде кездесу өтті. Оған ҚР Президентінің Жолдауында айтылған негізгі бастамалар мен міндеттер жайы арқау болды. Жиын барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мұхтар Ақбердиев пен ұстаздар қауымы Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мен жүктелген негізгі тапсырмаларды орындау бойынша пікір алмасты. «Жолдау аясындағы тапсырмаларды орындау бойынша ауданда бастауыш партия ұйымдары, мектепке дейінгі мекемелер, мектеп мұғалімдері белсенділік танытып келеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет ауқымды. Алдағы уақытта партия мүшелерімен бірлесіп, жұмыстар атқарамыз» деді Мұхтар Ақбердиев өз сөзінде. Ал мектеп директоры А.Сарымсақова білім саласына қойылған талаптар мен міндеттерді атқару үшін бірліктің қажет екенін айтып өтті. Нақтырағы «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қанатты сөзді Мағжан ақын өте орынды айтқан. Адами капиталды дамытуда, Қазақстанның болашағын кемелдендіруде ұстаздың орны ерен. Сондықтан мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелерін жүзеге асыруда бір мақсат аясында топталуымыз қажет» деді ол. Кездесуде тарих пәнінің мұғалімдері Л.Мырзақұлова мен И.Бақтыбаев тәрбие ісі турасында баяндама жасады. Бұл – аталған бағытты көздейтін шаралардың соңы емес. Алдағы уақытта мектепке дейінгі ұйымдар, мектептердегі бастауыш партия ұйымдары, медициналық мекемелерде  кездесулер одан әрі жалғасын табады. Мұндай шаралар саланың дамуына тың серпін береді. Ұстаздар қауымының мемлекет басшысы жариялаған маңызды құжатта айтылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға үн қосуы саланың дамуында айрықша мәнге ие.