600-ДЕН АСА ӨРТ ГИДРАНТЫ ЖАРАМСЫЗ

101
0

Түркістан қаласы аумағында 2742 өрт гидранты бар болса, соның 621-і жарамсыз күйде,-деп хабарлайды uakit.kz.

Бұл туралы Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмыстары  туралы баяндамасында келтіреді.

Түркістан қаласы аумағындағы өрт гидранттарының жағдайына тоқталған басқарма басшысы жарамсыз күйде тұрған өрт гидранттарының көпшілігі қисық орналасқанын немесе қоқысқа толғанын айтты. Сонымен қатар ол есепті мерзім ішінде қала аумағындағы әкімшілік-іскерлік орталығы (АДЦ) және рухани-мәдени орталығында орналасқан жаңа құрылыс нысандарының өртке қарсы су көздері мен өрт гидранттарының жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілгенін, тексеру қорытындысы бойынша «Түркістан-Су» МҚК-не ҚР ӘҚБтК 359-бабымен 3 заңды тұлға 145 492 теңге көлемінде айыппұл салынғанын жеткізді.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда қалада өрттердің өсуін ескере отырып, оларды жөндеу және өрт гидранттарының көрсеткіштерін орнату бойынша алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін, өйткені өрттердің негізгі бөлігі түнгі уақытта сөндірілетінін атап өтті.

Жалпы мемлекеттік стандартқа  сәйкес әрбір жерасты гидрантында өрт гидрантының метрмен қашықтық көрсеткіші орнатылады. Бірақ бүгінге дейін  қала аумағында өрт гидранттарының көрсеткіштері койылмаған.

Бұдан басқа, 101 диспетчерлік қызметінің дер кезінде әрекет етуі үшін қаланың барлық ірі нысандары мен өрт гидранттарына жақын орналасқан ақпараттық картаны әзірлеу қажет.

Өрт гидранттарының жарамсыздығы тек Түркістан қаласы бойынша емес, еліміз бойынша өзекті. Былтырдың өзінде елімізде  15 мыңға жуық су гидранттарының жарамсыз күйде екені күн тәртібіне шығарылған.

Өрт сөндіру гидранттары бұл  қалалық су жүйесінен арнайы орындар бөлініп, өрт сөндіру көліктері жалғанатын бұрандалар болып табылады. Былайғы кезде жабулы тұрып, сол маңда өрт шыққан жағдайда арнайы техника қосылып, су алады. Елімізде орын алатын төтенше жағдайлардың 90 пайыздан астамын өрт оқиғалары құрайтынын ескерсек, өрт гидранттары әрдайым жарамды күйде болуы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса қажет екені айтпаса да түсінікті.