АТҚАРУШЫ ОРГАН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАЙ АЛМАЙДЫ

Түркістан қаласы бойынша жыл басынан бері қатты желдің ғимарат шатырларын жұлып әкетуінің екі жағдайы орын алған. Оның бірі денсаулық сақтау саласына тиесілі мекеме ғимараты болса, енді бірі аумағы 32 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй ғимараты.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ақпараты бойынша 2016 жылы еурокодтардың әдістемесін ескере отырып, Қазақстан Республикасы аумағының климаттық сипаттамаларының жаңа карталары әзірленді.

Климаттық параметрлер бойынша жаңартылған деректер мен карталар нормативтік-техникалық құжаттарға енгізілген (ҚР ҚЖ 2.04-01-2017 «Құрылыс климатологиясы»; ҚР ЕЖ EN 1991-1-3:2003/2011 «Көтергіш конструкцияларға әсер ету», ҚР ЕЖ EN 1991-1-4:2003/2011 «Көтергіш конструкцияларға әсер ету. 1-4 бөлім Жалпы әсерлер. Желдің әсері» және EN 1991-1-5: 2003/2011 «Тірек конструкцияларына әсер ету. 1-5 бөлім Жалпы әсерлер. Температуралық әсер ету»; ҚР ҒТБ 01-01-3.1 (4.1)-2017 «Ғимараттарға жүктемелер мен әсер ету. 1-4 бөлім. Жел әсері (ҚР ЕЖ EN 1991-1-4: 2003/2011)»).

Яғни, жаңартылған деректер негізінде конструкцияларды есептеу және жобалау елдің климаттық жағдайларын ескере отырып, ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Орын алған оқиғаларға байланысты мамандар шатырлардың бұзылу себептеріне талдау жүргізген. Нәтижесінде мұндай факторларға шатырлардың  ұзақ уақыт бойы жөнделмеуі, сапасыз шатыр материалдары қолданылғаны және құрылыс немесе күрделі жөндеу кезінде монтаждың дұрыс жүргізілмеуінен екені себеп болып отыр.

Көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларының бұзылуы тұрғындардың наразылығын тудырып жататыны белгілі. Мұндай жағдайда  тұрғындар жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді. Атқарушы орган  заң жүзінде төтенше жағдай жариялай алмайды және резервтен қаражат бөле алмайды.  Көп жағдайда желдің екпінінің мәні төтенше жағдай өлшеміне жатпаса, объектілік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау талап етіледі.

Метеорологиялық құбылыстардың салдарына осындай талдау жүргізген қалалық төтенше жағдай басқармасы іс жүзінде азаматтар үшін төтенше жағдай  салдарын әкімдіктер меценаттардың демеушілік көмегі арқылы қалпына келтіретінін атап өтеді.

Метеорологиялық құбылыстар адам өміріне қауіпті табиғи құбылыстар болып табылады. Климаттық ауытқуылар жердің түрлі бөліктерінде күн сайын тіркеліп жатады. Және олар әкелетін қаупі мен тигізер зардабына қарай А1 және А2 санатына бөлінеді. Мәселен, А1 санатына  секундына 25 метрден асатын күшті жел (А1.1), секундына 50 метрге дейін жететін ұйытқу (А1.2),  секундына 30 метрге дейін күрт өсетін ұйытқу (А1.3), Twister дауылы (А1.4), бір сағат үшін мөлшері 30 мм-ден артық қарқынды жаңбыр (А1.5), 12 сағат бойына қармен араласып жауған жаңбыр (А 1.6), дәл осыншама уақытта жауатын ауыр қар (А1.7), мөлшері 100 мм асып түсетін жаңбыр (А1.8), диаметрі 20 мм немесе одан да ірі бұршақ (А1.9)  жатады.  Бет қаратпас боран (А1.10), шаң мен топырақ араласқан, айналаны көру ауқымы 3 метрден әріге бармайтын қатты жет (А1.11), айналаны көру ауқымы 1 метрден аспайтын тұман (А1.12) кіреді. Сонымен қатар күшті аяз (А1.14), өте ыстық ауа райы (А1.16), өрт жағдайы (А1.18) жатады.

Ал А2 санатына  топырақтың батпақтануы, аңызақ, атмосфералық құрғақшылық, жауын-шашынның болмауы және тағы басқа құбылыстар енеді.