ҚҰРСАЙДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ 95 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛДЫ

111
0

Мегаполис тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту құрылысы жалғасуда. Аталған елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту құрылысы өткен жылы басталған.

1-кезек бойынша, 185,5 шақырым су құбырын тарту құрылысының бүгінде 95 пайызы аяқталды. Ал, 2-кезек бойынша, 151 шақырым су жүйесін орнату қажет болса, бүгінде оның 94 пайызы тартылды. Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне су беру мақсатында жоба бойынша 1000 м3-тан 2 дана су жинау резервуарының құрылысы қарастырылған. Резервуардан шыққан ауыз су екі сорғы станциясы арқылы абоненттерге беріледі. Қазіргі таңда, резервуардың қабырғалары құйылуда. Құрылысын желтоқсан айында аяқтап, іске қосу жоспарланған.

Бүгінгі таңда, Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда. Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. 2022 жылдың қорытындысымен  Құрсай,  Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өспек. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Қалың оқырманның жадында болса, 2021 жылы Құрсай шағын ауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында мобильді операторлармен базалық станция орнату үшін тиісті келісімдер жасалынған болатын. Бүгінге дейін, Құрсай шағын ауданына «Кар-Тел» компаниясы тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы Жылысай көше маңына базалық станция орнатылды. Сонымен қатар жеке инвестормен келісім жасасып, №49 мектептің маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылды. Бүгінде аталған құрылғыға мобильді байланыс операторларының базалық станциясын қондыру ғана қалды. Тиісті жұмыстар 1 ай көлемінде атқарылса, шағын аудан сапалы интернетпен қамтылады. Одан бөлек шағын ауданды жеке инвестор қаражаты есебінен талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілген.