ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ЖАРЫЛЫССЫЗ ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ
Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындарын ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбiнің жалпы ережелері қандай?
Жарылыс қауiптi газ және бу-ауа концентрацияларын түзетін заттар мен материалдар қолданылатын, өндiрiлетiн немесе сақталатын өндiрiстiк және қойма үй-жайларында автоматты газ талдағыштар орнатылады.
Жабдық қалдықтары өндiрiстiк үй-жайға шаң бөлiнуiн болдырмайтын пневматикалық, механикалық құрылғылармен шығарылады.
Автономды желдеткiші және (немесе) қалдықтардың пневмокөлiгi бар жабдықтың электр сызбасында негізгі жабдықты 2-5 секунд iске қосуға қатысты осы жүйелердi iске қосуды автоматты түрде басып озу және 25-30 секунд уақыт шамасында автоматты түрде ажырату көзделеді.
Шикiзатты, жабдықты және материалдарды ғимараттарға жақын жерде сақтауға болмайды.
Шикiзатты, жабдықты және материалдарды арнайы жабдықталған ашық алаңдарда немесе шатырлар астында сақтауға сақтау алаңдары мен ғимараттардың, құрылыстардың арасындағы аралықты сақтаған жағдайда рұқсат етіледі. Жанатын материалдардан жасалған, ауданы 1200 шаршы метрге дейiнгi бөлек тұрған шатырларды салуға болады.
Аумақтарды көгалдандыру үшiн гүлденген кезде ұлпа, талшықты заттар мен салбыраған тұқым бөлетiн ағаштарды отырғызуға, сондай-ақ оларды өртке қарсы аралықтарға отырғызуға болмайды.
Өндіріс үй-жайлары үнемі тазалықта ұсталады және жабдықпен, шикізатпен және дайын өніммен шамадан тыс жүктелмейді, олар ауысымдық сұраныстан – өндірімнен, ал тәулік бойы істейтін өндірістік үдерісте – тәулiктiк сұраныстан аспауы қажет.
Цех қоймалары үшiн тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтарды, химикаттарды бiр мезгiлде сақтау саны тәулік (ауысым) нормалары шегінде белгiленедi.
Өндiрiсте қолданылатын жанғыш және тез тұтанатын сұйықтықтар саны тәуліктік (ауысымдық) қажеттiлiктен аспайтын саңылаусыз металл ыдыста сақталады.
Технологиялық жабдықты ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбi
Кәсiпорындарда негiзгi цехтарға, учаскелер мен қондырғыларға арналған технологиялық және электр жабдығын тазалау графиктерi әзiрленедi.
Пайдаланылатын технологиялық жабдық күн сайын, шикiзатты алғаш қайта өңдейтiн цехтарда – ауысымда кемiнде 1 рет, ал электр жабдығы, шамдар, электр өткiзгiштерi, техникалық өрттен қорғау құралдары, құрылыс конструкциялары, оның iшiнде жабындар аптасына кемiнде бiр рет оларға отырған жанғыш шаңнан, ұлпадан тазартылуы қажет. Тазалау барысында шаң жинау құралдары, ылғалды тазалау, сығылған ауамен үрлеу қолданылады.
Технологиялық жабдықтың барлық жiктерi мен қосылыстары, өндiрiстiк және қойма үй-жайларындағы ауа өткiзгiштер жанбайтын материалдармен тығыздалады.
Зығыр түткiш, иiру-дайындау, тоқыма дайындау, тоқыма және брактау-өлшеу цехтарының жұмыс жайларында шаңның шектi мөлшерден артық шоғырлануына жол берiлмейдi.
Ұшпалы ерiткiштердiң өрт-жарылыс қауiптi буларын адсорбциялау және рекуперациялау цехтарын ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбi
Цехтардағы ұшпалы ерiткiштердi пайдаланумен байланысты орындар жергiлiктi бу сору жүйелерiмен жабдықталады, бу буды аулағыштарға жіберіледі.
Рекуперациялау қондырғысы ұшпалы ерiткiштер буының жұмыс орындарынан үздiксiз және толықтай сорылуын қамтамасыз етедi.
Рекуперациялау станциясының нормаланатын қуаты болмаған кезде жаңа жұмыс орындарын, учаскелер мен цехтарды бу-ауа қоспасының желілеріне қосуға жол берілмейді.
Адсорберлерге түсетiн бу, ауа қоспасының шоғырламасы бақыланып отырады. Бу, ауа желiлерiнiң қоспаның неғұрлым өрт, жарылыс қауiптi заттарының тұтануының төменгi шоғырлану шегiнен 50 %-ға жоғары ауланатын будың шоғырламасымен жұмыс iстеуіне болмайды.
Цехтардан рекуперациялау станциясына бу, ауа қоспасы тасымалданатын желiлер жарамды күйде ұсталады. Құбырлардың iшкi қабатын қатты жанғыш шөгінділермен немесе сұйық конденсатпен ластауға болмайлы. Бу, ауа қоспасынан қатты қоспаларды аулауға арналған сүзгiштер немесе циклондар жарамды күйде пайдаланылады және бекiтiлген кестеге сәйкес тазартылады. Конденсат түзiлетін желi учаскелерiнде жанбайтын материалдан жасалған жылытқыш пен конденсаттың ағып кетуi үшін еңіс болуға тиіс.
Бу, ауа қоспаларының желiлерi жоба шешімдерінің талаптарына сай келетін жарамды от бөгегiштермен қамтамасыз етіледі.
Желдеткiштер жұмысының авариялық режимiнiң дыбыс дабылы мен резервтiк агрегаттарды автоматты iске қосу жүйесi жарамды күйде ұсталады және тексерiлiп отырады.
Жарылыс, өрт қауiптi бу, ауа қоспасын атмосфераға лақтыруға арналған авариялық құбыр жарамды күйде ұсталады, тексерiлiп отырады, найзағайдан қорғағышпен жабдықталады.