ШЫМКЕНТТЕ 500 ОРЫНДЫҚ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

116
0

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар оқу ордаларының құрылыс жұмысын тексерді. Солардың бірі — былтыр құрылысы басталған «Нұрсәт» ықшам ауданындағы оқушылар сарайы.

Жобаны салудағы мақсат — оқушыларды сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде сабақ өткізуге және педагогтардың, ата-аналар мен балалардың тәрбие саласындағы өзара іс-қимылына жағдай жасау, балалар тұлғасының шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамыту. 7-18 жас аралығындағы 500 оқушыға шақталған нысаның 42%-ы дайын. Ғимарат 3 қабатты, 3 блоктан тұрады. Бұдан бөлек 81 көлікке арналған көлік тұрағы және 35 адамдық асханасы болады. Нысанның құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. Шаһар басшысы “Білімді ұрпақ – іргелі елдің кепілі”, сондықтан оқушыларымыздың жеке жобаларымен, шығармашылықпен және спортпен айналысатын өз ордасы болуы керек”-дей келе, жауапты мамандарға нысанды жоспарға сай уақытында аяқтауды тапсырды.

Айта кету керек, Шымкент қаласында биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.