ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

96
0

Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысы Боранбай Булатбеков қала тұрғындарын мәселелері бойынша кезекті рет қабылдады.

Басқарма басшысының қабылдауына бірнеше қала тұрғыны келіп, мәселелерін ортаға салды. Атап айтсақ, Шанизова Кулайым және Қуатбек Еңлік есімді қала тұрғындары Ынтымақ-2 елді мекеніндегі ауыз су мәселесі бойынша, яғни ауыз суды тұрғын үйге қосып беру тұрғысынан өтініштерін жеткізді. Ынтымақ-2 елді мекені тұрғындары 2021 жылы толық сапалы ауыз сумен қамтылған. Тұрғын үйлердің есік алдына дейін су құбыры жеткізіліп, үйге қосуға мүмкіндік берілді. Алайда, басқарма басшысы бүгінгі тұрғындардың өтінішін ескеріп, ауыз суды үйге қосып беру жұмысын жеделдетуді тапсырды. Ал, Ерболат Сұлтанбек есімді Тұран шағын ауданының тұрғыны инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы барысында қазылған көшелерді қайта қалпына келтіру бойынша шағымданды. Қазіргі уақытта, бұл шағым бойынша жұмыстар атқырылуда. Тұрғынға көшелердегі кемшіліктерді тез арада реттеу жұмыстары жүргізілетіндігі түсіндірілді. Еске сала кетейік, басқарма басшысы әр аптаның жұмасы күні сағат 15:00 — 18:00 аралығында қала тұрғындарын қабылдайды.

Жалпы Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды бастамалар қолға алынып жатыр. Шымкенттегі елді мекендерді кәріз жүйесіне қосу үшін құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60-ға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков осылай деген болатын. Оның мәліметінше, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. “Осы арқылы 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады,”-деді басқарма басшысы. Жалпы Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75%-ға артатын болады.