БҮГІНГІ БҮЛДІРШІН — ЕРТЕҢГІ ЕЛДІҢ ТІЗГІНҰСТАРЫ

90
0

Өткен оқу жылында Тұран шағынауданында №79 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген еді. Балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқиды. Бұл мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменешік нысандардың көмегімен жүзеге асырылып отыр.

Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары да салынған. Мәселен, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни әр 2 көпқабатты үйдің балалары өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Сондай-ақ игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр. Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.  «Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданда саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз» дейді шағынаудан тұрғыны Ұ.Сыпатаева. Алдағы уақытта да көптің игілігі үшін атқарылатын жұмыстар әрі қарай жалғаса беретінін айрықша айта кеткен жөн. Айта кету керек, Тұран шағынаудандағы сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары былтырдан бері қарқынды түрде жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2 кезеңге жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу, яғни абоненттеу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс кезінде 86,5 шақырым электр желісі тартылып, 21 электр трансформаторы мен 3 078 электр бағаналары орнатылды. Абоненттеу жұмыстарының нәтижесімен барлығы 3 058 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Тұрандықтар бұған дейін электр қуатын тұтыну барысында 25-30 теңге аралығында төлем жасаса, бұдан былай тариф құны 17,9 теңгеге түседі.