ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ — САЛАНЫ ДАМЫТУДАҒЫ ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

102
0

Бүгінде елімізде ғана емес жалпы әлемде шағын және орта бизнестің дамуы айрықша мәнге ие. Өйткені аталған саланың тұрғындарды жұмыспен қамтудағы маңызы зор. Осы орайда, елімізде көптеген кәсіпорындар мен фабрикалар ашылып, жұмысын жемісті жүргізіп келе жатыр. Қала берді, мемлекет тарапынан да кәсіпкерлерге бизнесін дөңгелетуге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы тұста айта кетерлігі, белгілі бір саланың алға жылжуында шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасудың маңызы айрықша.

Оның ішінде шетелдік алпауыт компаниялардың мамандарынан аларымыз көп. Өндіріс саласы кеңге құлаш жайған үшінші мегаполисте үлгі аларлықтай, тәжірибе алмасарға тұрарлық кәсіпкерлік нысандар баршылық. Осындай тәжірибелі кәсіпорындардың шоғырланған аймағы – «Оңтүстік» индустриалды аймағы. Жақында «Işıklar Paper Sack Co. Ltd.» түрік компаниясының бас директоры Huseyin Oka «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына келді. Сапар аясында «Оңүстік» АЭА БК» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Сариев Ерболат арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктері мен инвестициялық жобаны іске асыру шарттарымен таныстырды.  Кездесуге «Оңтүстік» АЭА БК» АҚ инвестициялар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Дурру Огуз қатысты. Түрік делегациясына «Shymkent Qagazy» ЖШС картон қағазын өндіру кәсіпорны басшысымен В2В форматында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында тараптар одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктері мен «Оңтүстік» арнайы экономкалық аймағында зауыт салу бойынша жобаны іске асыру перспективаларын талқылады. Картон қағазын өндіруші 1952 жылы құрылған Işıklar Holding ірі түрік компаниялар тобының құрамына кіретін 14 еншілес компанияның бірі. Анықтама үшін: Холдинг құрылыс материалдары, тоқыма, химиялық өнімдер, металлургия, туризм, электр энергиясын өндірісі, өндірістік жабдықтар дистрибуциясы және қағаз ыдыстарын өндіру салаларын қамтиды. Холдингтің машина паркінің жалпы қуаты жылына 380 миллионнан астам қағаз қаптар шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Холдингтің барлық өнімінің 42 пайызы әлемнің 5 құрлығында орналасқан 50-ден астам елге экспортталады. Айта кетейік, Шымкенттегі «Тассай», «Оңтүстік» индустриялық аймақтар мен көлік-логистикалық аймағы және «Оңтүстік»  арнайы экономикалық  аймақтарында Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінен қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 11 мың жұмыс орнымен 300 миллиард теңгеге 189 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда 160 миллиард теңгеге 124 жоба іске асырылды және 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.