ӨЗЕКТІ САУАЛҒА НАҚТЫ ЖАУАП

85
0

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бүгінде өңір-өңірде облыс пен қала әкімдерінен бастап тиісті сала басшыларына дейін қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Онда шенділер тұрғындарды мазалаған мәселелерге қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сауалдарына жауап беріп келе жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында тұрғын үй басқармасының басшысы тұрғындармен тілдесіп, сауалдарына жауап беру ісін ұдайы жүргізіп келеді.

Шымкентте тұрғын үй кезегіндегі 83 отбасы жалдамалы баспанамен қамтылды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз тобына 55 арендалық пәтер қолданысқа табысталса, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 13, көпбалалы отбасыларға 15 пәтер қолданысқа берілді. Бұдан бөлек былтырғы жылдан өтпелі болған 164 пәтермен ағымдағы жылдың басында кезектегі азаматтар қамтылған болатын. Аталған тұрғын үйлердің сатып алу құқығы жоқ. Бұл туралы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева азаматтарды қабылдауда айтып өтті. 2022 жылы азаматтардың пайдалануына жалпы 1 605 пәтер табысталу жоспарланған. Oның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға-54, көпбалалы отбасыларға-476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына — 218, жұмыс істейтін жастарға-857. Бүгінде 1605 пәтердің 83-і түрлі санаттар бойынша ел игілігене табсталып отыр. Қалған жалдамалы баспаналар жоспарға сәйкес жыл соңына дейін кезең-кезеңімен берілетін болады. Айта кету керек, басқарма басшысы 40-қа жуық тұрғынды баспана мәселесіне қатысты қабылдау өткізіп, Заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, оның шешілу жолдарын қарастырды. Қабылдауда болғандардың қатарында кезекке тіркелген көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, сондай ақ зейнеткерлер бар. Тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға жалдамалы баспаналар кезек реті бойынша берілетіндігін жеткізді. Жалпы елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында қыруар іс тындырылып жатыр. Баспана алуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар да бар. Қала берді қазіргі уақытта тұрғын үй сертификаттарын беру бастамасы да қоғам тарапынан жоғары бағаланып жатыр. Өз кезегінде, көптің көкейінде туындаған сауалдарға дер кезінде жауап беруді көздейтін осындай жиындардың да міндеті маңызды деген ойдамыз.