АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ОҢ ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

93
0

Әлемде орын алып жатқан геосаяси оқиғалар экономикаға айрықша әсер етті. Солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардың салдарынан сан түрлі сала тоқырап тұр. Қымбатшылықтың салқынын әлем жұртшылығы айқын сезіне түсті. Логистикалық тізбектің бұзылуы еліміздің базарларындағы бағаның құбылуына әкелді. Әсіресе, импорттық тауарлардың бағасы аспандап тұр. Өз кезегінде, жергілікті атқарушы билік қымбатшылықпен күресті мықтап қолға алған. Мәселен, бүгінде Шымкент қаласында бағаны бақылау мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Толығырақ тарқатайық…

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынуда. Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады. Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді. Айта кету керек, мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл кәсіпорындар жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады. Бүгінгі таңда аймақта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 50-ден астам ірі жоба іске аспақ. Оған 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда 100 млрд теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінген. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов айтып өткен болатын. Бүгінде жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Мұның өзі мемлекет басшысы сөз еткен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды жобалардың бірі саналады.