ВОЛЕЙБОЛДАН ЖОҒАРЫ ЛИГАДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ II ТУР ОЙЫНДАРЫНДА ШЫМКЕНТ КОМАНДАСЫ ТОП БАСТАДЫ

91
0

Волейболдан жоғары лигадағы әйелдер арасындағы XXX-шы чемпионаттың ІІ-тур ойындары аяқталды. Шырайлы Шымқалада орналасқан «Отырар» университетінің спорт кешенінде өткен бұрымдылар бәсекесі тартысқа толы болды. Шаршы алаңдағы волейбол ойыны 2022 жылдың 11-17 желтоқсан аралығында өтті. Тартысты сайысқа елімізден 6 команда қатысып, үздік орындарға таласты.
Атап айтсақ: Шымкенттің “Шымкент”, Тараздың «Тараз», Оралдың «Грация кз», Ақтөбенің «Ақтөбе», Атыраудың «Атырау», Қарағанды облысының «Елисеевскиеласточки» командалары бақ сынады. Дегенмен бұл сында алаң иелері шапшаңдық танытып, қарсыластарынан басым екендіктерін көрсетті. Жалпы 5 кездесу өткізіп, 4 ойында жеңіске жетіп, 1 ойында есе жіберді. Әрбір кездесуге жан-жақты дайындалып шығып, сенсацияға толы ойын өрнегін көрсетті.

Сонымен ІІ-турдың қорытындысына келсек, 28 ұпай жинаған Шымкенттің «Шымкент» командасы бірінші орынмен аяқтады. Ал, 24 ұпай жинаған Тараздың «Тараз» арулары екінші орын алса, 19 ұпай жинаған Оралдың «Грация кз» құрамасы үшінші орында тұрақтады. Енді кезекті ІІІ-тур ойындары Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында өтеді деп күтілуде.
Жерлестерімізге сәттілік серік болсын!