ШЫМКЕНТТІҢ ЖАС САРБАЗДАРЫ ҰРЫС МАШИНАСЫН ЖОЙДЫ
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған бригадасының жас толымы Түркістан облысындағы оқу полигонында өзінің алғашқы жауынгерлік атыстарын орындап, жаудың брондалған техникасымен шайқасқа түсті, деп хабарлайды Uakit.kz.
«Дарбаза» полигонында күзгі әскерге шақырылған 130-дан астам сарбаз АК-74 қаруымен алғашқы оқ атуды және окоптан жаяу ұрыс машинасына граната лақтыруды іс-жүзінде орындады. Окоп ұяшығына паналаған әскерге шақырылушылар әскери техниканы өздерінің үстінен өткізіп, содан кейін оларға граната лақтырды.
Сынақтан өту алдында әскери қызметшілермен ұрыс машинасын, атыс қаруы мен гранатаның тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеу бойынша сабақтар өткізілді.
Техникамен адам жекпе-жегі басталар алдында жас толым жиынының бастығы подполковник Ринат Калидолдин бұл жаттығудың пайда болу тарихына тоқталды. Ол 1943 жылы Курск шайқасы қарсаңында жаяу әскерлер жаудың танкілерінен қорқуды жою үшін жасалғанын еске салды.
«Мұндай сынақта адамның 14 тонналық темір астына жатуға және брондалған «құбыжықпен» жекпе-жекке шығуға моральдық дайындығы мен өз күшіне деген сенімділік өте үлкен рөл ойнайды. Бірақ мұндай сынақтан кейін ғана әрбір жауынгер Отанның нағыз қорғаушысы болып саналу құқығына ие болады, өйткені бұл сөзсіз батылдықтың көрінісі», — деп аяқтады подполковник Ринат Калидолдин.
Бірінші болып оқу-жауынгерлік тапсырманы сабақ жетекшілері мен нұсқаушылары орындады. Олар әскери қызметшілердің кедергілер жолағынан өту кезінде, сондай-ақ өтіп бара жатқан техниканың астындағы окопта болған кезде психологиялық әсерді бірінші болып өздерінің басынан өткізді.
Сонымен қатар, жиын бастығы подполковник Ринат Калидолдин мұндай жаттығулар жауынгерлік дағдыларды пысықтауға ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрақтылықты, кез келген жағдайда жауынгерлік тапсырманы орындау қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жас толыммен далалық сабақтарды өткізу «алғашқы әскери дайындық» курсының соңғы кезеңі болып табылады. Ант қабылдағанға дейін бір ай ішінде олар әскери істің негіздерін игерді: әскери жарғыларды, инженерлік және бастапқы медициналық дайындық негіздерін зерделеп, жалпы әскери пәндер бойынша сабақ өтті. Бұл курс жас сарбаздарға одан әрі қызметке, тәртіпке бейімделуге, дене дайындығы мен саптық дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі», – деп қорытындылады подполковник Ринат Калидолдин.
Алғашқы әскери дайындық курсы аяқталғаннан кейін мерзімді әскери қызметшілер әскери ант береді.