ТУРИЗМ САЛАСЫ ІЛГЕРІЛЕП КЕЛЕДІ

84
0

Туризмнің елдің имиджін қалыптастырудағы маңызы айрықша. Жыл сайын әлемде миллиондаған туристер өзге елге барып демалады. Мұның, біріншіден, туристерді қабылдайтын елдің экономикасына қыруар қаржы әкелсе, екіншіден, елдің беделін биіктете түсетіні белгілі. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Шымкентке келетін туристер саны артуда. Сәйкесінше, үшінші мегаполистегі қызмет көрсету саласы да жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Өз кезегінде, қонақ үй қызметі мен гид-экскуросоводтар қызметінің жақсара түсуі үшін де қыруар іс атқарылуда.

Мәселен, ағымдағы жылы Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты — туризм саласындағы мамандардың қызмет көрсету сапасын жақсарту және білімін жетілдіру. Семинар тренингті бизнесті дамыту бойынша кеңесшілер, сату және брендті нарықта ілгерілету, топ позицияларында ұзақ жұмыс өтілі бар сертификатталған Түркия, БАӘ, Өзбекстан елінен келген шетелдік коуч мамандар мен жергілікті білікті практиктер жүргізді. Аталған мамандар экскурсия жетекшілеріне саладағы жаңа әдістер, өзге елдер практикасы мен гидтердің негізгі қасиеттері туралы айтса, қонақ үй әкімшілеріне менеджмент, нақты нәтижелерге қол жеткізу секілді ақпараттар берді. «Шымкентке биыл 3 айда 97 501 турист келген. Бұл көрсеткіш өңірімізде туризм саласының қарқынды дамып жатқандығын айқындайды. Келген туристі алдымен күтіп алатын қонақ үй өкілдері мен олардың қаланы танып-білуде экскурсия жүргізушілерінің біліктілік дәрежесі аса маңызды. Бүгінде Шымкентте арнайы білім бар, сертификатталған 80-ге жуық гид-экскурсовод бар. Сала өкілдерінің білімдерін жетілдіру арқылы қаланың туристік әлеуетін көтере отырып, туристердің сапалы демалуына жағдай жасаймыз» — дейді «Visit Shymkent» туристік ақпарттық орталығының жетекшісі Ерлан Умаров. Аталған семинар-тренинг 5 күнге созылды. Шара соңында қатысушыларға сертификат табысталды.