ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Комиссия жұмысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы Шаттық Өтеев, Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қала кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау Кеңесінің төрағасы Мелес Сейтжанов, Комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ қоғам және бизнес өкілдері қатысты.
Өңір басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға қосқан үлесі үшін қоғам, бизнес-қоғамдастықтың, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің белсенді өкілдеріне алғысын білдірді.
«Тек соңғы бірнеше жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға жаңашылықтар енгізілді, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді, мемлекеттік органдардың қызметінде жобалық басқару енгізілді, еліміздің әрбір өңірі үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің арнайы карталары әзірленді. Бұл стратегиялық өзгерістер алдын алу бағытында да, жедел тергеу тәжірибесінде де қолданылады», — деп атап өтті Департамент басшысы Шаттық Өтеев.
Комиссия отырысында қалдаағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларының қорытындысы қаралды.
Негізгі нәтижелерді Департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді. «Шымкенттің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы шеңберінде түрлі әлеуметтік маңызы бар салаларда 12 тақырыптық талдау жүргізіліп, 60-тан астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды, 100-ге жуық ұсынымдар енгізіліп, 100 пайыз орындалды»- деді спикер.
Педагогтер мен дәрігерлерді жұмысқа орналастыру кезінде мектептер мен ауруханалар басшылығымен тікелей байланыстар жойылды, конкурстан тыс жер беру практикасы тоқтатылды, ӘКК пәтерлерін өткізу тәртібі өзгертілді, бірқатар құқықтық актілерді өзгерту бойынша орталық мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізілді, сондай-ақ әкімдіктің бейінді мекемелеріне тұрғын үй беру тәсілдерін қайта қарау, жаңа бизнес-идеяларға гранттар беру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, мемлекеттік сатып алу кезеңдерінің ашықтығы және т. б. салалар бойынша нақты ұсыныстар енгізілді.
Мемлекеттік сатып алу мониторингі арқылы мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін жоспарлау кезінде 5,2 млрд. теңге үнемделді.
Сондай-ақ, №4 үлгілік базалық бағытты іске асыру нәтижелері талқыланды, бұл бағытта 60-тан астам жоба және 900 тапсырма орындалды. Өңірдің квазимемлекеттік секторының 6 ұйымында ISO-37001 халықаралық стандарты енгізілуде.
4 аудандық әкімдікте және 22 бейінді басқармада ішкі талдаулар жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша 157 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды, оларды жою бойынша әкімдік дербес жұмыс жасайтын болады.
Сессия соңында қала әкімі атынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.