ЖРВИ ЖӘНЕ ТҰМАУ АУРУЫН ЖҰҚТЫРУДАН САҚТАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫН БІЛГЕН ЖӨН

149
0

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін, ауа-тамшы арқылы берілетін полиэтиологиялық аурулар тобы.

Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының мониторингі жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүзеге асырылады.

Шымкент қаласы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бастап (2022 жылғы 1 қазаннан 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін) ЖРВИ –дің 128639 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында –70,5%. Қалада сырқаттанушылық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,0 есеге жоғарылаған.

Қалада эпидемиологиялық маусымда 102 жағдай  тұмау аурушаңдығы тіркелді, оның ішінде тұмаудың «В» типі — 99, «А» (Н1N1) типі – 3 жағдай.

Қалада тұмаудан басқа вирустар да таралуда. Басқа тұмаусыз инфекцияларға 135 сынама тексеріліп, оның ішінде 60 сынамада (44,4%) оң нәтиже анықталды: риновирус – 19,  парагрипп — 21, ротавирус – 12, аденовирус – 2, коронавирус — 6. Вирустардың түрлері тек вирусологиялық зерттеулермен анықталады және расталады.

Тұмаудан эпидемиологиялық маусымда аурушаңдықтың алдын алу барысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 134580 доза вакцина алынды, ол тұрғындардың 12,6% тұмауға қарсы егумен қамтуға жеткілікті және тәуекел тобына жататын 134580 адам егумен қамтылды.

ЖРВИ/тұмау клиникасының көріністері ұқсас.

Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталатын, жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылайтын, бастың қатты ауыруы (ауыруды басатын препараттарды қабылдағаннан күнде де), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялық бөртпелер пайда болатын жұқпалы ауру.   ЖРВИ/тұмаудың асқынуы вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады. Иммунитеті төмен адамдар ауруға көбірек бейім.

 ЖРВИ және тұмау ауруын жұқтырудан сақтанудың жолдарын білген жөн.

ЖРВИ/тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы – тұмауға қарсы егу.

Тұмауға қарсы халықтың келесідей осал топтары егіледі:

  • медицина қызметкерлері;
  • алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар;
  • 2,3 триместрдегі жүкті әйелдер;
  • ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мектеп интернат балалары;
  • қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
  • жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.

Тұмауға қарсы егу егілушінің немесе оның заңды өкілінің жазбаша түрдегі ақпараттық келісіммен тегін жүргізіледі.

Сонымен қатар, ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасындағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы» 25.03.2022ж. №16 қаулысына сәйкес, инфекциялық стационарға емдеуге жатқызылғандар және COVID-19 амбулаториялық емдеуде жүрген, ЖРВИ және пневмония белгілері бар науқастарға полимеразды тізбекті реакция әдісімен зертханалық тексерулер жүргізілуде.

Алдын алу шаралары:

  • науқас адаммен байланыста болмауға тырысу;
  • науқас адаммен байланыста болғанда бетперде тағу;
  • инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу;
  • жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу;
  • көп адам жиналған жерде болмауға тырысу;
  • бөлменің ауасын жиі тазарту;
  • ЖРВИ/тұмау белгілері пайда болған жағдайда, айналаңыздағыларды инфекциядан қорғау үшін өзіңізді оқшаулап, үйде болған дұрыс және медициналық көмекті үйге шақыртқан жөн.

Уақтылы басталған емдеу асқынулардан сақтайды. Өзіңізге және айналаңыздағыларға қамқорлық жасаңыз!

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің басшысы
Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы.