ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ АЛДЫН-АЛУ БОЙЫНША ІС-ШАРА ЖАЛҒАСУДА

70
0

Шымкент қаласында қауіпті аурулардың алдын алу мен халыққа түсіндіру мақсатында түрлі шаралардың ұйымдастырылып келе жатқаны белгілі. Солардың бірі – 24 ақпанда басталған туберкулездің алдын алу бойынша іс-шарасы. Аталған «Біз туберкулезді жеңеміз!» ұранымен өтіп жатқан шара осы айдың 24 жұлдызына дейін жалғасады.

Жуырда Шымкент қалалық №13 емхана дәрігерлері мен Абай аудандық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау басқармасы  мамандары бірлесіп, аталған бастама аясында профилактикалық  шара ұйымдастырды. Онда жауапты мамандар емхана емделішілері мен қала тұрғындарына туберкулез жайында толыққанды ақпарат беріп, профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Абай аудандық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Сәрсенбаевтың айтуынша, шаһарда туберкулез дертіне шалдыққандар саны уақыт өткен сайын азайып келе жатыр.

Ал №13 емхананың бөлім меңгерушісі Жібек Тіленованың айтуынша, аурудың алдын алу немесе ертерек анықтау үшін мектепте балаларға манту сынамасы салынады. Әлі күнге дейін мұны тұрғындар  «туберкулезге қарсы екпе» деп есептейді. Бірақ бұл – баланың туберкулезге шалдыққан-шалдықпағанын анықтайтын тәсіл ғана. Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан  шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Жалпы туберкулезге қарсы БЦЖ-ны қайта егу  – 7 және 14 жаста жүргізіледі. Жыл сайын флюорографиялық скрининг, дәрігердің тағайындауы бойынша өкпені рентгенге түсіру, терапевтке қаралып, профилактикалық тексеруден өту маңызды. Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді.

Айта кету керек, ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында флюорографиялық зерттеулер мен манту сынамасы жүргізіледі. Ауруды ерте анықтаудың маңызы зор. Уақыты өтіп, кеш анықталған жағдайда қоғамға аса қауіпті болуы мүмкін.