КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУДЕ ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ АЙТЫЛДЫ

71
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жастармен жиі жүздесіп, мәселелерін тыңдап келеді. Күні бүгінге дейін бірнеше рет өткен жиында өзекті мәселелер мен ұтымды ұсыныстар айтылды. Ол бойынша тиісті сала басқармаларына тапсырмалар жүктеліп, жемісті нәтижесін көрсетіп те келеді. Бастаманың өңірдегі жастар саясатының тиімді жүзеге асуына мұрындық болары анық. Енді мұндай жиындар қалаға қарасты аудандардың әкімдерімен және олардың орынбасарларымен өткізіліп жатыр.  

Мәселен, өткен аптада Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Абай ауданы әкімінің орынбасары Асылбекова Гүлнұр Нұрбекқызы аудан жастарымен еркін форматта ашық сұхбат құрды. Жиын мақсаты – билік пен белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, емін-еркін пікір алмасу. Кездесуде Гүлнұр Нұрбекқызы өзінің қызмет саласында атқарып жүрген жұмысына тоқталып, жастар саясатын жүзеге асырудағы біршама жоспарларымен бөлісті. Кездесуде «Елдігіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы – сіздердің қолдарыңызда! Сондықтан сіздерді халыққа, қоғамға қызмет етуге, қай салада да Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қосуға шақырамын. Баршаңызға  зор денсаулық, оқуда озат, еңбекте табысты болуды тілеймін!» деді аудан әкімінің орынбасары Гүлнұр Нұрбекқызы.

Еркін форматта өткен жиында белсенді жастар өнерлерімен де бөлісіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мен өскелең ұрпақ арасындағы өзекті мәселелер бойынша да ұсыныстарын жеткізді Аудан әкімінің орынбасары алдағы уақытта айтылған ұсыныстар аясында жұмыстар атқарылатынын айтып, белсенді жастардың өзекті мәселелерге бей-жай қарамай, үн қосып жатқанына алғысын да білдірді. Жалпы мұндай шаралардың өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені тағылымды әңгіме мен құнды кеңес жастардың тұлға болып қалыптасуына айрықша әсер етпек.