ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА БИЫЛ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБАДЫ

61
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауданның инфрақұрылым жайы, 2025 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері қозғалды.
Қаратау ауданындағы халық саны бүгінде 213 мыңнан асады. 18 елдімекенде 494 көпқабатты тұрғын үй, 29 762 жеке секторлы үй, 595 көше бар. Аудан халқы ауызсумен 98 пайызға, электр жарығы 98 пайыз, табиғи газ 96 пайызға қамтылған. Сайрам елдімекені және Қызылсу тұрғын алабы ауызсуды кестемен тұтынатындықтан, биыл бұл мәселе шешімін табатын болады. Яғни, 2023 жылға аудан халқын ауызсумен 100 пайызға қамту жоспарланған. Айта кетейік, Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағын ауыз сумен қамту жұмыстары да биыл жүргізіледі. Сондай-ақ, ауданды 100 пайыз электр қуатымен қамту жұмыстары да биылға жоспарлануда. Мәселен, былтыр Тұран, Қайнарбұлақ, Достық, Асар-2, Нұртас шағын аудандарына тоқ көзі жеткізілсе, биыл Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағындағы 1200 абонент электр жарығына жалғанады. Бұл Қаратау ауданы толық электр жүйесімен қамтылады деген сөз. Табиғи газ құбырына келсек, биыл 15 мыңнан аса тұрғыны бар Тассай елдімекенімен бірге Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағы табиғи отынға қол жеткізеді. Жалпы аудан халқын толық 100 пайыз газбен қамту 2025 жылға межеленген. Жоспарға сай, Шапырашты, Таскен, Өтеміс, Қызылсу елдімекендеріне газ тартылатын болады. Ал 2025 жылы Достық тұрғын алабы, Мәртөбе, Мирас елдкімекендерін қамту басты назарда. Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Тұран ауданы тұрғындарымен есептік кездесуі өтіп, жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспардың орындалу барысы баяндалған болатын. Қазір аталған аудан аумағындағы 20 елдімекеннің тұрғындары тұрақты түрде сапалы ауыз су тұтынуда. Биыл Құрсай шағынауданын тіршілік нәрімен қамту жұмыстары аяқталады. Осыған дейін су жүйелерінің 92 %-ы, яғни 151 шақырымы тартылған. Жоспар бойынша ауданның ауызсумен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызды қамтитын болады. Ал, сапалы электр қуатымен елдімекендердің 99,5 пайызы қамтамасыз етілген. Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы жарықпен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылға өтпелі.