МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

81
0

Мүмкіндігі шектеулі әрбір азамат – қоғамның ажырамас бөлшегі. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына, құқығының қорғалуына, қоршаған ортада кедергісіз жүріп-тұруына барынша мүмкіндіктер қарастырылып келе жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданы аумағында 28 әлеуметтік нысанға қолайлы орта құру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бұрыштар, таңба-белгілер, пандустар орнату туралы кеңінен айтылды. Жалпы стандартқа сәйкес пандустың ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы да шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы қажет. Түсіндірме жұмыстары барысында Еңбекші ауданы әкімдігі және «АMANAT» партиясының Еңбекші аудандық филиалы, Шымкент қаласының денсаулық, білім, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан құралған комиссия тобы нысан иелеріне талап ережеге сәйкес жұмыс істеуді ұсынды. Комиссия мүшелерінің бірі арнайы мүгедек арбасына отырып, нұсқаулық бойынша үлгілік сызба көрсетті. Сонымен қатар барша мекеме басшыларын өздері басқарып отырған мекемеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта құрулары керек. Өйткені осындай  азаматтарға жағдай жасау – әлеуметтік сала қызметкерлерінің ғана емес, баршамыздың  азаматтық борышымыз. Сондықтан жоғарыда аталған талаптардан айналып өтпей, ескеру қажет. Сонда ғана әділетті де жан-жақты дамыған қоғамды құру мүмкіндігі туады.