АУЫЗ СУ, ГАЗ ЖӘНЕ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТУ ЖОБАЛАРЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауылдық елді мекендерді инфрақұрылыммен толық қамту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Президенттің 2025 жылдың соңына дейін елді мекендердің 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы Түркістан өңірінде нақты іске асырылып келеді. Сонымен қатар табиғи газ және электр энергиясымен қамту бағытында да ауқымды жобалар қолға алынған.
2024 жылы облыста 63 ауыз су нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінді. Оның ішінде 30 елді мекендегі құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Бұл – су тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып тұрған ауылдар үшін үлкен жаңалық. Ауыз су жобаларына қамтылған елді мекендер белгілі. Тарқатсақ, Келес ауданы – 13 ауыл, Сарыағаш ауданы – 9 ауыл, Ордабасы ауданы – 3 ауыл, Отырар және Бәйдібек аудандары – 2 ауылдан, Қазығұрт ауданы – 1 ауыл. Ауыз сумен қамту жұмыстарының барысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тікелей қадағалап отыр. Оның төрағалығымен өткен мониторинг отырысында жұмыстардың сапасы мен мерзімі егжей-тегжейлі талқыланды. «Жұмысты сапалы әрі уақытында атқара алмасаңыздар, мердігерді ауыстырамыз. Қаржы бөлініп отыр, қолдау көрсетілуде. Жауапкершілікпен қараңыздар», – деді Зұлпыхар Жолдасов штаб отырысында. Сондай-ақ техникалық қадағалаушыларға құрылыс басына барып, сапалы материалдарды қолдануды бақылау, кемшіліктер анықталған жағдайда шұғыл шара қолдану тапсырылды.
2024 жылы Түркістан облысында 64 газдандыру жобасы қолға алынды. Жыл соңына дейін олардың 38-і аяқталып, 34 елді мекенге табиғи газ беріледі. Қалған 26 жоба (16 ауылды қамтитын) келесі жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылған. Қаржы толық бөлінген жағдайда, биылғы жылдың соңына дейін 84 мың халық тұратын 45 елді мекенге көгілдір отын жеткізу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар нәтижесінде облыстағы 608 елді мекен газбен қамтылып (жалпы ауыл санының 75,3%-ы), 89,4% облыс тұрғындары табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болмақ.
Газдандыру – тұрмыс сапасын ғана емес, экологиялық жағдайды да жақсартуға әсер етеді. Көмір мен отынға тәуелділіктен арылу – ауыл тұрғындары үшін маңызды жеңілдік. Жалпы, 2027 жылға дейін өңірде 765 елді мекенді газдандыру көзделуде. Бұл толық орындалған жағдайда, Түркістан облысы республикадағы ең жоғары газ қамту көрсеткішіне қол жеткізетін аймақтардың біріне айналмақ. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында да нақты қадамдар жасалуда. 2024 жылы 45 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 23 нысан пайдалануға беріліп, 19 елді мекендегі 28,2 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылатын болады. Қазірдің өзінде 18 нысанның жұмысы 90%-дан астам аяқталған. Аймақтағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар қатарында Төлеби ауданындағы 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы, Жетісай ауданындағы 110 кВ «Жетісай» қосалқы станциясы бар. Бұл станциялар өңірдегі электр желілерінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жаңа нысандар мен тұрғын үйлерге қуат көзін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етпек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев штаб отырысында баяндама жасап, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысын таныстырды. Ол инфрақұрылым жобаларына жауапты мердігерлер мен аудан әкімдерінің орынбасарларына қатаң ескерту жасады. Басқарма тарапынан әрбір жобаның барысына тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Бұл тек бақылау емес, сонымен бірге уақтылы көмек көрсету, қаржылық-логистикалық қиындықтарды шешу және жұмыс сапасын арттыру үшін маңызды.
Ауыз су, газ және жарық – бұл тек тұрмыстық жайлылық қана емес, адам өмірінің сапасы мен ауылдағы өмір сүру деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштер. Түркістан облысында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар кешенді түрде жоспарланып, нақты мерзіммен жүзеге асырылуда. Облыс басшылығы тарапынан әрбір нысан бақылауда. Мердігерлер мен техникалық қадағалаушыларға қойылатын талап жоғары. Өйткені халық сенімі мен мемлекеттік қаржы тиімділік пен ашықтықты қажет етеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – нақты іс пен нәтиже арқылы жүзеге асуы тиіс. Түркістан облысындағы инфрақұрылымдық жобалар – осы ұстанымның жарқын көрінісі.