СПОРТТЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

64
0
Шымкент қаласында спорт саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, шаһарда соңғы 3 жылда, яғни, 2020-2022 жылдары 219 спорт нысаны пайдалануға берілген. Ал, биылғы жылдың алғашқы 6 айында тағы да 18 спорт нысаны ашылып, жалпы саны 1 093-ке жетіп отыр.
Спорттық инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай туғызған. Ресми деректер соның нәтижесінде 2020 жылы Шымкент қаласында 324 690 адам спортпен шұғылданса, бүгінде бұл көрсеткіш 498 852-ге дейін артқанын көрсетіп отыр. Яғни, осыдан 3 жыл бұрын шымкенттіктердің 30,6 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданса, бүгінде тұрғындардың 42,3 пайызы спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысып келеді.
Соңғы жылдары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға басымдық берілуде. Шымкент қаласы әкімдігінің деректеріне сүйенсек, «АртСпорт» жобасының аясында мемлекеттік-спорттық тапсырыс арқылы 2021 жылы 103 спорт секциясына 12 474 бала жазылған болса, биыл 213 секцияда 16 790 бала спортпен айналысып жатыр.
Мемлекеттің спортты дамытуға бағытталған саясаты тек дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың ғана емес, кәсіби спорттың да дамуына жол ашып отыр. Мәселен, өткен 3 жылдың ішінде шымкенттік спортшылардың арасынан барлық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының – 1 796, Азияның – 154 және әлемнің 99 чемпионы шықты. Шымкентте соңғы жылдары пайдалануға берілген нысандардың қатарында жаңа атшабар алаңын, рекострукциядан өткен «Металлург» және заманауи үстел теннисі орталығын атап айтуға болады. Оған қоса биыл жыл соңына дейін «SPORT LIFE» футбол орталығы мен №12 спорт мектебінің қосымша корпусы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Алдағы жылдары Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды жетілдіру мен бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Атап айтқанда, 2024 жылы Қажымұқан атындағы орталық стандионды реконструкциялау жұмыстары басталады. Алдағы жылдары «Шымкент сити» шағын ауданында «Шымкент арена» спорт сарайы, Тұран шағын ауданында заманауи теннис орталығы, жаңа ат манежі, №15, 16 спорт мектептерінің жаңа корпустар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы спорт кешені салынады. Бұған қоса жеке инвесторлардың есебінен қаланың 5 ауданының әрқайсысында спорттық-сауықтыру орталықтары мен ірі спорт кешендерін ашу жоспарланған. Сонымен қатар жергілікті биліктің алдында 2025 жылдан бастап Шымкентте жаңа футбол стадионын салу міндеті де тұр. Жалпы, 2024-2035 жылдар аралығында 300-ден астам спорт нысанын ашу көзделіп отыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 2029 жылға дейін 50 пайызға, ал, 2035 жылға қарай 55 пайызға дейін жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік-спорттық тапсырыстың аясында жұмыс істейтін секциялардың саны 2029 жылға 500-ге жетіп, онда 25 мыңнан астам бала спортпен шұғылданатын болады. Осының барлығы Шымкентте спорт саласының дамуына жергілікті билік тарапынан баса назар аударылып отырғанын көрсетеді.