КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ АУЛАЛАРЫ ӘР 5 ЖЫЛ САЙЫН РЕКОНСТРУКЦИЯЛАНАДЫ

68
0
Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Мангельдин көшесіндегі бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына балалар ойын алаңшасы салынып жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралау барысында Мангельдин көшесі №36 бес қабатты тұрғын үйдің ауласына арнайы көңіл бөліп, жиналған тұрғындармен жүздесті.
Аталған тұрғын үй ауласындағы балалар ойын алаңшасының құрылысы биылғы жылдың 10 маусым күні басталған. Жұмысты 6 шілде күні аяқтау жоспарланғандықтан мұнда қазір қарқынды құрылыс жүргізілуде. Сондай-ақ, дәл осындай құрылыс жұмыстары Төменгі Отырар шағын ауданындағы 15/1 көп қабатты тұрғын үй ауласында да жүргізілуде. Мұндағы балалар ойын алаңшасын да 6 шілдеге дейін аяқтау міндеттелген. Қала әкімі мұндағы аула тұрғындарымен өзекті мәселелерді қозғап, әңгіме өрбітті.
Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындармен кездесу сәтінде абаттандырылған ауланы әрі қарай күтіп ұстауды, мұндай реконструкциялық жұмыстар әр бес жылда іске асатынын ескертіп өтті. Айта кетейік, Мангельдин көшесі №36 тұрғын үйден бөлек қазір №34, 36 а тұрғын үйлердің ауласына да ойын алаңшалары орнатылуда. Айта кету керек, теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады. Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір сағатына 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал сағат сайын 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады. Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір бірінші, екінші қабаттың демонтаждау жұмыстары басталды. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қалаға сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.