ШЫМКЕНТТЕ 50-ГЕ ЖУЫҚ ҚАЙТА ӨҢДЕУШІ КӘСІПОРЫН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

68
0
Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін ұн, макарон, ірімшік, сары май, айран, жұжық, консерв өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында ағымдағы жылы 3 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын іске қосылды.
Қазіргі таңда, «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүтті қайта өңдеп қатты ірімшік пен сары май өндіруші 8 кәсіпорынға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жыл сайын қуаттылығы артып келеді. Жергілікті өндіріс орындарының арасында экспорт бағытында ірі жобаларын ұсынып отырған Базарқақпа елді мекенінде орналасқан сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын «BIO Food kz» ЖШС. 2022 жылы негізі қаланып, бүгінде кеңейіп жатқан зауытта 20-дан астам адам тұрақты жұмысшы істейді. Мұнда күніне 25 тоннадан астам сүт қайта өңделіп, қатты ірімшік және сары май өнімі өндірілуде. Өндірілген өнімдер бүгінде қала аумағында және еліміздің өзге де өңірлерінде сатылуда. Алдағы уақытта тауарларды Өзбекстан мен Араб Әмірліктеріне экспорттау жоспарлануда. Айта кету керек, Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр. Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Айта кетейік, қазір қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді. Сонымен қатар, алдағы 2023-2026 жылдары қала аумағында мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдейтін 3 жобаны іске асыру жоспарланған.