ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 2023 ЖЫЛЫ 15 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ЖАБЫНДЫСЫ ТӨСЕЛДІ
Жалпы аумағы 19 500 гектарды құрайтын Қаратау ауданында жалпы ұзындығы 631 шақырымды құрайтын 595 көше бар. Оның 364 шақырымын асфальт жол, 233 шақырымын шағал тас төселген жол, 33 шақырымын топырақ көшелер құрайды. Бұл туралы Шымкент қаласы ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов айтты.
2023 жылы 50 шақырымды құрайтын 70 көшені асфальттау жоспарланған. Қазіргі таңда 15 көшенің құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 41 көшеге, яғни 33 шаөырымға шағал тас төсеу жұмыстары атқарылатын болады. Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, аудан аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 30 мекенжай анықталып, 2022 жылы 22 орынға, ирригациялық жүйелер салу жұмыстары атқарылса, 2023 жылы 17 орынға ирригациялық арық орнату мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Мердігер мекеме анықталған соң, құрылыс жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша 447 көп қабатты тұрғын үйге аудан әкімі аппараты мен «Қуат жылу орталық-3» МКК бірлесіп сығымдау жұмыстарын жүргізуі үшін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары арнайы іс-шара жоспарын бекіткен болатын. Бекітілген жоспарға сәйкес, Қаратау ауданындағы жылу алатын көпқабатты тұрғын үйлерге сығымдау жұмыстарын 8 қызмет көрсетуші мекеменің 12 арнайы бригадасы сығымдау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда, аудан аумағындағы 447 көп қабатты тұрғын үйдің 235-інде сығымдау жұмыстары аяқталды. Қалған 212 көп қабатты тұрғын үй бекітілген жоспарға сәйкес, қыркүйек айының 15-не дейін сығымдаудан өтетін болады.