ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ШАРА БАСТАЛДЫ
Биыл Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай еліміздің бас қаласында Тәжікстан Республикасының мәдениет күндері өтіп жатыр. Оған Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон арнайы келді.
Тәжікстан Республикасының мәдениет күндері Шымкенттегі «Көрме» орталығында ауқымды іс-шарамен басталды. Көрмеге Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Хакимзада Құрбан және қала әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпкерлердің өнімдерімен, тәжік халқының мәдениеті және дәстүрімен танысты.
— Баршаңызды екі ел арасында дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтай отырып, қазақ елінің қонақжайлылығына ерекше алғысымды білдіремін. Біздің елдің сауда-экономикалық серіктестері арасында Қазақстанның маңызы зор. Мұнда елімізден ауыл шаруашылығы өнімдері көптеп экспортталады. Қала тұрғындары мен қонақтары осы үш күн мерекеде Тәжік елінің мәдениеті, ұлттық тағамдарымен, өнерпаздарымен таныса алады. Біздің ұқсастықтарымыз көп. Екі елдің достығы арта берсін, — деді Хакимзада Құрбан. Ал Қажымұқан стадионында ұйымдастырылған жәрмеңкеге тәжік кәсіпкерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарлары ұсынылды. Жәрмеңкеге 189 тонна анар, алмұрт пен алма, 46 тонна кептірілген жеміс, 85 тонна бақша өнімдері – қауын, қарбыз,асқабақ, 248 тонна көкөніс, 8 тонна бал және 13 тонна өнеркәсіптік тауарлар әкелінген. Газдалған, газдалмаған және энергетикалық сусындар, шырындар, консервіленген жемістер мен көкөністер, кондитерлік өнімдер де бар. Қала тұрғындары орталық стадионға көптеп жиналып, Тәжікстанның ұлттық тағамдарымен танысып, дәм татып, тәжік халқының өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Айта кетейік, Орта Азиядағы маңызды сауда-экономикалық серіктесіміз Тәжікстанмен алыс-беріс жыл сайын артып келеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 20 пайызға өсіп 1,4 миллиард долларға жеткен.