ШЫМКЕНТТЕ 800-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ МЕКЕМЕЛЕРДЕ ТЕГІН КӘСІПТІК ОҚЫТУДАН ӨТЕДІ

63
0
Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыс беруші мекемелерде 760 адамды кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Жұмыс орындарында азаматтарға кәсіптік білім беріп, соңынан жұмысқа қабылдауға ниетті 35 жұмыс берушінің өтінімі бүгін комиссия отырысында қаралды.
Мекемелерден негізінен құрылыс жұмыстарының шебері, дәнекерлеуші, компьютер және түрлі техникалық құрал операторлары, балабақша қызметкерлері, тігінші, жол-құрылысы көлігінің машинисі сияқты жұмыс орындары бойынша кәсіптік білім беруге 2 мыңнан астам өтініш түсті. Комиссия отырысында жұмыс беруші компаниялардың тәжірибесі, біліктілігі мен оқыту және жұмыспен қамту мүмкіндігі сараланды. Сондай-ақ іріктеуде кәсіпорындардың салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізулері, жалақы бойынша берешегінің жоқтығы және бір жылдан аса қызмет ететін материалдық — техникалық базасының болуына назар аударылды. Жалпы, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, қалада тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Айта кету керек, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту аса маңызды мәселе. Биыл бұл тұрғыда 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 22 489 адам қатысты немесе жоспар 67,1% орындалды. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту кіреді. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биыл6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазіргі таңда нақты – 5 780 адам қамтылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 2023 жылға 23 420 жұмыс орыны құрылатыны жоспарлануда. Оның ішінде ұлттық жобалар бойынша 2 377 жұмыс орыны, жеке бастамамен 21 043 құрылатын жұмыс орындары.2023 жылдың 1 шілдесіне 12 480 орын ашылған оның 12 203 – тұрақты жұмыс орындары, 277 – уақытша жұмыс орындары. 2023 жылы Шымкентте 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және «Агронесие корпорациясы» АҚ арасында тапсырма шарты түзілген. Негізінен жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.