ҚАЙТПАСТЫҢ КӨШЕЛЕРІ 100 ПАЙЫЗ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

80
0
Шымкент қаласы Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектар жерді алып жатыр. Аудандағы халық саны 213 мыңнан астам, сондай-ақ мұнда 18 елді мекен орналасқан. Қаратау ауданындағы көшелер саны – 595.
Ауданның жылдан жылға әлеуметтік экономикалық деңгейі жоғарылап, инфрақұрылымы дамып келеді. Қаратау ауданына қарасты Қайтпас шағын ауданында бүгінде 15 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 3 891 жеке секторлы үй, 3 мектеп, 18 балабақша орналасқан. Қазіргі уақытта балалар ойын алаңшасын салуға тиісті жер қарастырылып, биыл балалар қуанышына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қайтпас шағын ауданындағы 55 көшенің қазір 50-і асфальтталған, 5-еуіне шағал тас төселген. Айта кетейік, биыл шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Сондықтан Ер Жәнібек, атауы жоқ №1,2,3,4 көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биылғы жылы 6 көше, атап айтқанда Болашақ, Медеу, Ахметбаев, Дайрабеков, Ақбаев, Ақберен көшелері жарықтандырылады. Келесі жылы Көркем, Тұран, Әмірбеков көшелерін жарықтандыру жоспарланған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аталған шағын аудан интернет жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, шағын ауданда №42, 24,57 бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды. Жалпы Қайтпас елдімекені 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен қамтылған. Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Шілде айының ортасында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады.