ҚАЛА ӘКІМІ «ФОСФОРШЫЛАР» САРАЙЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

74
0
Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуде 89 жастағы ақсақал Өркен Әбдіреев қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің назарын «Фосфоршылар» сарайының бүгінгі ахуалына аударды. Тыл және еңбек ардагерінің ұсынысын ескерген қала басшысы нысанға арнайы барып, жағдайымен танысты.
Аталған нысан – әзірге жеке серіктестіктің мүлкі. Ал серіктестіктің үлесі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атына республикалық меншікке тіркелген. Осыған дейін қала әкімдігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен серіктестіктің жарғылық капиталынан «Фосфоршылар» сарайын мүлік ретінде бөліп шығарып, коммуналдық меншікке беру туралы ұсынысын жолдаған. Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша құзырлы органдар тиісті жұмыстар жүргізуде. Қала басшысы жауаптыларға осы бағыттағы кешенді шараларды заң шеңберінде жүргізіп, ғимаратты елдің игілігіне пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді. Айта кету керек, бұған дейін Шахмат ойынын тұрақты ойнайтын 58 және 85 жас аралығындағы қариялардан құралған «Ақ тұлпар» клубының өкілдері қала әкімі Ғабит Сыздықбековтен ғимарат мәселесін шешіп беруді сұрады. Спортты серік еткен ардагерлер бұл өтініштерін бүгін Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуде жеткізді. Қала басшысы қариялармен «Орталық саябақта» жүздесіп, талап-тілектерін назарға алды. Клуб ғимараты М.Х.Дулати атындағы 8-мектептің күрделі жөндеу жұмыстар жүргізілуіне байланысты бұзылған болатын. Қазір клуб мүшелері «Орталық саябақта» орналасқан «Оқушылар сарайына» жиналуда. Қала әкімі шахматшы ардагерлердің ұсыныстарын заң шеңберінде қарастырып, жауаптыларға ғимарат мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырды. Айта кету керек, шаһар басшысы үшінші мегаполиске қарасты әр ауданның тұрғындарымен тілдесіп, мәселелеріне құлақ асып келеді.