ҚАЛА ӘКІМІ : МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІН КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН РЕТКЕ КЕЛТІРЕМІЗ

58
0
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңадан құрылған Тұран ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында аудан әкімі Боранбай Булатбеков атқарылған жұмыстарын айтып, жоспарларымен бөлісті.
Аудан аумағында 220 мыңнан астам халық тұрады. Жер көлемі 36 600, 0 гектарды құрайды, 21 елдімекен, 544 көпқабатты үй, 39 357 жер үй және 597 көше бар. Ауыз су және электр қуатымен 99,5 пайыз, ал табиғи газбен 95,5 пайыз қамтылған. Сапалы ауыз су көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызға жетеді. Аудан тұрғындары 214 мәселе көтеріп, оның 122-сі шешілген. Бүгінде 92 ұсыныс-тілек бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, соның ішінде 59 мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Жиын басында қала әкімі есептік кездесудің мән-мағынасын жеткізді.
— Құрметті Тұран ауданының тұрғындары! Өздеріңіз көргендей қала әкімі басшылығына келгелі 4 аудан жұртымен жүздестім. Енді бүгін сіздермен кездесуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Көкейлеріңізде жүрген мәселелеріңізді ашық айтып, еркін пікір алмасаңыздар. Мемлекет басшысы халықпен тікелей байланыс орнатуға аса мән беріп отыр. Біз де осы мақсатта жұмысымызды жүйелейміз. Өйткені мәселе көп. Дегенмен барлығын бір мезгілде шеше алмайтынымыз анық. Бәрін де кезең-кезеңімен ретке келтіреміз, — деді қала басшысы. Аудан әкімі Боранбай Нығметұлының есебін тыңдаған соң, қала басшысы сұрақ-жауапқа кезек берді. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдау барысында қала әкімі басқарма басшыларына: «Бұқарамен етене байланысып, әсіресе инфрақұрылым саласында істеп жатқан жұмыстарыңыздың маңыздылығы мен барысын айтып, қай мерзімде аяқталатынын нақты жеткізіңіздер. Яғни, халыққа үнемі түсіндірме жұмысын жүргізіңіздер» — деп, тапсырма жүктеді.
Кездесу соңында қала әкімі кейбір өзекті мәселелерді бүгіннен қалдырмай, арнайы өзі барып көретінін айтты.